Сайрам: ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланды

Бүгін аудан әкімі Арман Сабитовтың төрағалығымен лездемелік мәжіліс өтті. Күн тәртібінде ағымдағы жылға арналған индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы және аудан бюджетінің игерілуі қаралды. Мәжіліс барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика байқалғаны атап өтілді. Атап айтқанда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және инвестиция салаларында өсім тіркеліп, аудан облыс көлемінде үздік үштікке енген.
Дегенмен, бірқатар салаларда жоспардың орындалмауы байқалды. Әсіресе, мәдениет, білім беру, ішкі істер, жастар саясаты және кейбір ауылдық округтер бойынша индикаторлардың төмен көрсеткіштері сынға алынды.
Бюджет кірісі жоспардан асыра орындалғанымен, бюджет қаржатын игеру бөлігінде бірнеше түйіткілді мәселелер жіті қаралды.
Атап айтқанда, аудан көлеміндегі атқарылып жатқан жұмыстарға төленетін қаражаттың мақсатты бағытталуын қатаң бақылауға алу қажеттігі және тиісті бөлім басшыларының жауапкершілігі қаралатындығы ескертілді.
Жиын соңында, аудан әкімі жауапты сала басшыларына атқарылып жатқан жұмыстарды жүйелі ұйымдастырып, қаржыны тиімді әрі мерзімінде игеруді, сондай-ақ барлық жоспарланған міндеттерді сапалы түрде аяқтауды тапсырды.