Түркістан облысында заң талабын сақтамаған 22 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарты тоқтатылды

Өңірде пайдалы қазбаларды өндіретін 198 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Оның ішінде 74-і келісімшарт ал 124-і лицензия негізінде жұмыс істейді. Жауапты басқарма мен құзырлы органдар тарапынан заң талабын сақтамаған 22 жер қойнауын пайдаланушы анықталып, жұмысы тоқтатылды. Аталған мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде талқыланды. Облыс әкімі экологияға жауапты құзырлы орган басшыларына, аудан, қала әкімдері мен басқарма басшысына заңсыздықтарды жоюды тапсырды.

– Заң талабын сақтамаған жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкерлердің лицензиясын қайтарып алуды тапсырамын. Рейд тоқтамауы тиіс. Тексеріңіздер. Экологиялық талаптар қатаң сақталуы қажет. Бірлесе жұмыс істеңіздер. Бұл мәселелер тұрақты қадағалауда болады, – деді Нұралхан Көшеров.

Бүгінде облыс көлемінде жұмысы тоқтатылған және пайдаланылмай тұрған кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері 17 жер қойнауын пайдаланушының 35 мың гектар жері мемлекет балансына қайтарылды.

Мәжілісте Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы  Қанат Шонбасов баяндама жасап, облыста заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын-алу жұмыстарына тоқталды.

Қазіргі уақытта заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын-алу бойынша арнайы мобильді топтар мониторинг жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді. Осы тұста Арыс, Отырар, Ордабасы, Келес, Сауран, Кентау қаласы аумағында заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілер толастамай тұр. Мәселен Кентау қаласы, Хантағы ауылдық округі маңында заңсыз барит қазылғаны анықталып, заңды бұзған тұлғалар жауапқа тартылды. Сондай-ақ Келес ауданы, Келес өзені жағасын заңсыз қазып, жайылым жерге өнімдерін жинақтап, сатылымға шығару жұмыстары тіркелген. Жалпы облыс аумағында ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк тасымалдау, заңсыз құм қазу, қазба өнімдерін саудалау, пайдалы қазбаларды өндіру фактілер анықталып, тиісті шара көрілуде.

Кейбір аумақтарда заңсыздық тоқтамауына байланысты, басқарама тарапынан арнайы дрон құрылғысы қолданылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар қатаң жолға қойылып, анықталған фактілер бойынша бейнематериалдар полиция қызметкерлеріне тапсырылып, жүк көліктері айыптұраққа қойылды.

Оған қоса ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне облыста кең таралған пайдалы қазбаларды өндірушілер келісімшарттық лицензиялық міндеттемелерін орындамауына байланысты, жауапкершіліктерін күшейту мақсатында ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексіне» өзгерістерді енгізу туралы ұсыныс хат жолданды.

Мәжілісте аудан, қала, ауыл аумақтарында пайдалы қазбаларды заңсыз сату орындарын жабу жұмыстарын жандандыру, заңсыз пайдалы қазбаларды өндіру дерегі анықталған аудан, қала немесе ауыл әкімдерін және учаскелік полиция қызметкерлерінің жауапкершіліктерін қарап тиісті шара көру жөнінде ұсыныс берілді. Сонымен бірге заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын-алу бойынша жұмыс тобының рейдтік іс-шара барысында Полиция департаменті тарапынан жедел әрекет ететін арнайы жасақ сарбаздарын тұрақты түрде бөлу қажеттігі де айтылып, тиісті тапсырмалар хаттамаға енгізілді.