Түркістан: Арыста заңсыз жүк тасымалына қарсы рейдтік шаралар жалғасып жатыр

Арыс қаласында жол қозғалысы ережелерін сақтау, жол сапасын қорғау және рұқсатсыз жүк тасымалына тосқауыл қою мақсатында рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде.
Рейдтік жұмыстар барысында шамадан тыс жүк тиеген, жолдарды ластаған және қозғалыс қауіпсіздігін бұзған көліктерге қатысты тиісті шаралар қабылданды.
Жалпы жыл басынан бері Арыс қаласында жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға қарсы құрылған мобильді топ 31 рейд жүргізіп, 301 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі бойынша хаттама толтырды. Нәтижесінде тиісті айыппұлдар салынып, заң шеңберінде өндірілді.
Сонымен қатар Түркістан облысының көлік бақылау инспекциясы, Арыс аудандық полиция бөлімі және қалалық әкімдік қызметкерлерімен бірлесіп, ауыр жүк көліктерінің рұқсат етілген салмақтан асырып жүк тасымалдауын болдырмау мақсатында бірқатар рейдтер өткізілді. Нәтижесінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, 45 әкімшілік іс қозғалып, тиісті айыппұлдар салынды.
Арыс қаласы әкімдігі алдағы уақытта да мұндай бақылау шаралары жүйелі түрде жалғасатынын және заң талаптарын бұзғандарға қатаң әкімшілік шаралар қолданылатынын ескертеді.