“Түнгі қаладағы балалар” жедел профилактикалық шарасында полицейлер 140-тан астам құқық бұзушылықты анықтады

Түркістан облысында жасөспірімдер қылмысының алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылыққа жол бермеу және кәмелетке толмағандардың үйден тыс немесе ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болуы фактілерін анықтауға бағытталған “Түнгі қаладағы балалар” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шараның алғашқы тәулігінде полицейлер 140-тан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Атап айтқанда ата-аналардың балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамауының 13 фактісі және заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта үйден тыс жерде болған 120 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Профилактикалық есепке 13 кәмелетке толмаған жасөспірім және 6 қолайсыз отбасы қойылды.
Профилактикалық шара шеңберінде тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз түнде үйден тыс жерде болуына жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сонымен қатар жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығын еске салды.
Полицейлер ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауға, балаларының мінез-құлқын бақылауға және мұқият болуға шақырады. Осы бағыттағы жұмыс әлі де жалғасатын болады.