Созақта биыл алты айда жалпы өңірлік өнім көлемі 380 млрд теңгеден асқан

2025 жылдың алғашқы 5 айында Созақ ауданында 81,5 млрд теңгеден астам тікелей инвестиция тартылды. Ал, жалпы өңірлік өнімінің көлемі 380 млрд теңгеден асты. Бұл туралы Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков журналистермен өткен баспасөз жиынында баяндады.
«Ауылшаруашылық саласында осы жылдың алғашқы жартыжылдығында 138,7 млн теңге инвестиция тартылды. Қазіргі таңда өңірде 9 мың тоннаға жуық ет және сүт өнімдері, 750 мың дана жұмыртқа өндірілді. Биылғы егіс науқанында 14 638 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Су үнемдеу технологиясы бойынша 163,9 га жерге жаңбырлатып, 33 га жерге тамшылатып суару жүйесі енгізілді. Сондай-ақ, келесі жылы Тайқоңыр елді мекенінде жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін зауыттың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобаның жалпы құны 113,5 млрд теңгеден астам. Аталған жоба аяқталғаннан кейін 275 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Аймақта осы жылдың алғашқы 5 айында 1 826 азамат әлеуметтік қолдаумен қамтылды. Ұлттық жобалар аясында 136 жұмыс орны ашу көзделсе, бүгінгі таңда 28 орын ашылды. «Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы» бойынша 1 387 орын жоспарланып, 880 орын ашылды. Бекітілген жоспарға сәйкес, бос жұмыс орындарына 554 адам жолданды. Ауданда жұмыссыздық деңгейі – 4,9%. Сонымен қатар, өткізілген жұмыс жәрмеңкелерінде 78 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмыспен қамтылды»- деді аудан басшысы.
Өңір толықтай ауыз сумен қамтылған. Тек төрт ауыл кестемен су ішеді. Қазіргі таңда Қарақұр мен Қозмолдақ ауылдарында 24 сағаттық ауыз сумен қамту үшін жобалық сметалық құжаттары дайындалуда. Сондай-ақ, өңірге табиғи газ тарту жұмыстарына облыстық бюджеттен 290 миллион теңгеге жуық қаражат қаралған. Шолаққорған ауылына газ тарту үшін 216,6 шақырым құбыр тартылып, қазіргі таңда 3 200 абонент көгілдір отынмен қамтылды. Аудан орталығында 7 шақырым аяқ жолға 235 дана жарықшам, 4 аялдама, 60 қоқыс жәшігі мен орындықтар орнатылуда. Бұдан бөлек, биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 447 млн 330 мың теңгеге 12 көшеге 14,2 шақырым асфальт төселеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ, азаматтарды тұрғын үймен қамту мақсатында аудан орталығындағы «Жеткіншек» мөлтек ауданында 1 қабатты 2 пәтерлі – 26 үй, 2 қабатты 8 пәтерлі – 3 үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Салынып жатқан үйлер кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілетін болады. Сонымен қатар, «Казатомпром» АҚ демеушілігімен – 2 қабатты 16 пәтерлі үй салынуда. Одан бөлек, құны 2 млрд теңгеге жуық Шолаққорған ауылындағы спорттық-сауықтыру кешені жақын күндері ел игілігіне пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, «Астана» мөлтек ауданы инфрақұрылымын дамыту мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында Шолаққорған ауылында құны 1 млрд теңгені құрайтын кітапхана құрылысы жүргізілуде. Аталған нысан келесі жылға өтпелі.