Түркістан: полиция департаментінде ашық есік күні өтті

Түркістан облысы Полиция департаментінің азаматтарды қабылдау бөлмесінде Тәрбие және Кадр жұмысы басқармасының ұйымдастыруымен «Ашық есік күні» өтті. Аталған шарада полицей болғысы келетін 50-ге  тарта үміткерге кеңес берілді.

Акцияның мақсаты – ішкі істер органдарына қызметке тұруға ниет білдірген  талапкерлерге бағыт-бағдар беру. Қатысушылар полицей болу үшін қандай құжаттарды жинау керегін, қандай мамандықтарға бос орындардың бар екенін білді.

«Түркістан облысы Полиция департаменті бос орындарға конкурс жариялап, жасы 18-35 жас аралығындағы, жоғары білімі бар азаматтарды ішкі істер қызметкері қатарына қосылуға шақырады. Бұл шара жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға өз септігін тигізеді. Елдің нағыз патриоттарын қатарымыздан көргіміз келеді»,- деп атап өтті полиция полковнигі Мақсат Асқаров.

Өз кезегінде шараға келгендер тәртіп сақшыларының қызметімен етене танысып, оларға жүктелген міндеттің қаншалықты күрделі әрі жауапты екеніне көз жеткізді.