Түркістан: Отырар және Арыс кәсіпкерлерінің мәселелері тыңдалды

Түркістан облысы, Отырар ауданында Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен Өңірлік кеңесінің кәсіпкерлерімен кездесу өтті. Кездесуге Арыс қаласы мен Отырар ауданынан келген кәсіпкерлер, Өңірлік кеңес мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, құқық қорғау, жергілікті атқарушы және салалық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков, Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі төрағасы, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов және Палата директоры Асылан Ибадуллаев кәсіпкерлерді жеке қабылдап, өзекті мәселелерін тыңдады.

Арыс қаласының кәсіпкерлері жер, жол белгілері, оның ішінде, ішкі көшелерде жүк көліктерінің жүруіне рұқсат беру, Түркістандағы Шеберлер орталығынан орын алу, субсидия, шетел азаматтарын жұмысқа алу мәселелерін көтерді. Ал отырарлық кәсіпкерлер су тапшылығы, табиғи газға қосылу, электр желісін тарту сияқты мәселелерді ортаға салды.

Кәсіпкерлер мен билік арасындағы ашық диалог алаңына кездесуде көтерілген мәселелерді заң аясында жедел әрі жүйелі шешу бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Кездесуден кейін бизнес өкілдері Отырар ауданындағы «Lihua Spinning Technology Co., Ltd» кәсіпорнына барып, шетелдік инвестордың тоқыма өндірісімен танысты. Қытайлық компания өңірде 500-ден астам адамды жұмыспен қамтып, заманауи технологиялармен жұмыс істеуде. Бұл – Отырар ауданындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі.