Түркістандағы реновациядан өтіп жатқан мектептердің құрылысы қадағаланды

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев облыс орталығында реновациядан өтіп жатқан мектептерді аралады. Өңір көлемінде 2025-2027 жылдары аралығында 115 білім беру ұясы жаңғырту тізіміне енгізілген. Соның ішінде Түркістан қаласында ұзақ жылдар жөндеу көрмеген 11 мектеп таңдап алынды. Қазіргі таңда 4 мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

Әуелі Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясындағы құрылыс барысымен танысты. Мұнда 1800-ден астам оқушы оқиды. Ғимарат 1989 жылы ашылған. Ал 1966 жылы теміржолшыларға арнап бой көтерген №31 Абай атындағы мектеп жөндеуден өтуде. Игілікті іс Абайдың 180 жылдығымен тұспа-тұс тура келіп, мектеп ұжымы мен 1 мыңнан аса оқушы жаңарған білім ұясына қадам баспақ. 530 орындық №7 С.Ерубаев атындағы мектеп-интернаты мен 1050 орындық №9 Н.Некрасов мектеп-гимназиясында да жөндеу қарқын алды. Мектептер жаңғырту барысында жөндеуден бөлек, материалдық-техникалық базамен қамтылады. Қажет қаражат қарастырылған. Қалада 55 мыңнан астам оқушы болса, төрт мектептегі бала саны – 7 мыңдай.

Облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғалармен кездесіп, тапсырмалар мен ескертулер берді. Мердігерлерге құрылысты сапалы, уақтылы әрі жанашырлықпен атқаруды тапсырды. Құрылыс жаңа оқу жылына дейін аяқталып, балалар жаңартылған ғимаратта білім алуы керек.