Түркістан облысының әкімдігі WOOSONG UNIVERSITY KAZAKHSTAN оқу ордасына 100 грант бөлді

Биыл күзде Түркістан қаласында халықаралық талапқа сай Woosong University Kazakhstan университеті ашылады. Аталған оқу ордасының құрылысы аяқталып, бүгінде талапкерлерді қабылдау жұмыстары жүруде. Бұл бастаманы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және Түркістан облысы әкімдігі бірлесе жүзеге асыруда.
Түркістан облысы әкімдігі тарапынан мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру бойынша комиссия өткізіліп, қазіргі таңда 100 грант есептеліп, жергілікті мәслихат сессиясында қолдау тапты. Қабылдау комиссиясы Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде орналасқан.
Заманауи ІТ университетінде 2 мамандық бойынша білім беру жоспарлануда және 2000-ға жуық студентке дейін қабылдай алады. Мамандықтар: жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау; бағдарламалық қамтамасыз ету.
Қазірдің өзінде 300-ден аса талапкерден өтініш түскен. Олардың 160-ға жуығы Астана, Алматы қалалары мен Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда, СҚО, Абай, ШҚО, БҚО және Жетісу облыстарынан келсе, Қарақалпақстан Республикасынан да 1 үміткер оқуға құжат тапсырған.
Айта кетейік, жуырда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Woosong» білім беру қорының құрметті төрағасы және басқарма мүшесі Сонг Кён Ким бастаған делегациямен кездесіп, Түркістанда ашылатын халықаралық университетті уақтылы тапсыру, жұмысын бастау, құжаттарын реттеу, оқу процесін нақтылау бағытындағы мәселелерді жүйелеген болатын.
Оқу ордасына құжаттар қабылдау жұмыстары жалғасады. Қосымша мәліметті 8 776 170 8242 телефон нөміріне хабарласу арқылы білуге болады.