Алматы: Алатау ауданында әлеуметтік сала оң нәтиже көрсетіп отыр

Алатау ауданы қарқынды дамып, экономика, инфрақұрылым және әлеуметтік салада оң нәтиже көрсетіп отыр. Басты мақсат – қала төңірегіндегі көптеп бой көтерген шағын аудандардың инфрақұрылымын көтеру, күрделі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу, заңсыз жер басып алуды тоқтату болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сай жүзеге асуда. Бұл туралы Алатау ауданының әкімі Малыбаев Талғат Жанболатұлы Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Жартыжылдық қорытынды бойынша Алатау ауданының дамуы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Айта кету керек, 2008 жылы 4 шілдеде құрылған Алатау ауданы Алматының ең үлкен ауданының бірі. Қазір аудандағы 31 мемлекеттік, 12 жеке меншік мектепте 61 095 оқушы білім алып жатыр.

Алатау ауданы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында осы мәселені шешіп, енді 13 250 оқушыға арналған сегіз мектеп салмақ.  Білім беретін мекемелерден бөлек, кәсіби және қосымша білім беруге де көңіл бөліп отыр әкімдік. Мәселен, «Алғабас» шағынауданында 720 орындық инновациялық техникалық колледж салына бастады. Одан бөлек, «Саялы» ықшамауданында инновациялық шығармашылық орталық ірге көтереді. Бұл нысан келер жылы қолданысқа беріліп, балалар мен жасөспірімдерді қосымша оқытатын үлкен орталыққа айналады,- деді Талғат Малыбаев.

Алатау ауданында тұрғындар үшін жайлы қалалық орта құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру мен дамыту – ауданның басым бағытының бірі. Өткен жылы Қарасу шағынауданында 10 гектардан астам аумақта сквер мен жаяу жүргіншілер аймағы абаттандырылды. Онда шағын архитектуралық формалар, жаңа көше жиһаздары, демалуға арналған орындар орнатылып, жарықтандыру және көгалдандыру жүргізілді. Жобаның жалпы құны 760 млн теңгені құрады. Мысалы, «Дарабоз» шағынауданында мешіт маңында 6,2 га аумақты қамтитын саябақ салынды. 2024 жылдың қыркүйегінде Боралдай өзенінің 24 гектарлық жағалауын абаттандыру жұмыстары аяқталды. 2025 жылдың қыркүйегінде Өжет шағынауданындағы (16 га) тоғанды көгалдандыру, спорт және балалар алаңымен қамту жобасы аяқталмақ. Бұдан бөлек, 2023 жылы жөндеу аясында 6 қоғамдық кеңістік абаттандырылып, 2 автоматты суару жүйесі орнатылған. Жобаның жалпы құны – 2,6 млрд теңге.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 2024 жылы 2,5 млрд теңгеге 45 жоба жүзеге асырылған: 24 қоғамдық кеңістік, 10 аула, 5 жарықтандыру жобасы және 2 жер учаскесіне автосуару жүйесі орнатылды. Биыл тағы 2,5 млрд теңге бөлініп, тұрғындар ұсынған 570 ұсыныстың ішінен іріктелген 50 жобаны іске асыру жоспарланған.

2025 жылдың наурызынан қыркүйегіне дейін 31 қоғамдық кеңістік, 16 аула аумағы, 3 көше жарығын жаңарту жобасы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, маусым-қыркүйек аралығында 12 гектарды қамтитын Қарасу көлі мен Момышұлы көшесі бойындағы жаяу жүргіншілер аймағын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ағымдағы жылы Т.Рысқұлов даңғылы мен С.Ашимов көшесі қиылысында жаңа сквер салынса, Райымбек батыр мен Т.Рысқұлов даңғылдарының арасындағы «Үлкен Алматы» арнасы бойында жасыл аймақтың құрылысын бастап, жыл соңына дейін аяқталатын болады.

2024 жылы Алғабас және Саялы ықшам аудандарында маңызды жобалар аяқталды: 48,6 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері, сондай-ақ Өжет ықшам ауданында кәріздік сорғы станциясы (КНС) салынды. Жұмыстардың жалпы құны — 3,5 млрд теңге. Осы жобалардың арқасында 5 мыңнан астам тұрғын алғаш рет орталықтандырылған ауыз су мен кәріз жүйесіне қол жеткізді.

2025 жылдың желтоқсан айында Боралдай, Ақбұлақ, Шапағат, Болашақ және Рахат-Мәдениет ықшам аудандарындағы 23 мың тұрғынға арналған 270 шақырым инженерлік желіні салып бітпек. Сонымен қатар, Айгерім ықшам ауданында жаңа кәріздік сорғы станциясы пайдалануға беріледі. Бұл жобалардың жалпы құны — 15,5 млрд теңге.

«Теректі» ықшам ауданына ерекше көңіл бөлінген, мұнда 2025 жылғы шілдеде 10,9 млрд теңгелік ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырыла бастайды. Биылдың өзінде 4 млрд теңге бөлініп, 90 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу жоспарланған. Бұл жүйелер 9 мыңнан астам тұрғынды сумен, кәрізбен қамтамасыз етпек. Жұмысты 2026 жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.

Биылғы тамыз айында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін 13 және 14-территория, Болашақ, Қарасу, Айгерім-1, Айгерім-2 ықшам аудандарында және «Өжет» кәріздік сорғы станциясында 60 шақырым инженерлік желінің құрылысы басталады. 6,6 млрд теңгеге бағаланған бұл жобалар 2026 жылдың қарашасында аяқталады.

2025 жылдың ақпанында Шаңырақ-1, Шаңырақ-2 және Қарасу ықшам аудандарында 18 кәріздік сорғы станциясы салынып бітті. 2025 жылдың қыркүйегіне дейін бұларды толық қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 2025 жылдың қарашасында Өжет пен Самғау ықшам аудандарында 2,1 млрд теңгеге тағы 5 сорғы станциясын салып бітпек.

Ең үлкен жобаның бірі — «Батыс кәріз коллекторының» құрылысы. Стратегиялық маңызы бар бұл нысанның құрылыс жұмыстары 2025 жылдың ақпанында басталды. Ұзындығы — 34,9 шақырым, инвестиция көлемі — 37,2 млрд теңге. Бұл жоба Алатау мен Наурызбай аудандарының 130 мың тұрғынын және Алматы облысындағы Іле ауданының Аманат ауылын орталықтандырылған су бұру жүйесімен қамтамасыз етеді. Жоба аясында Алғабас ықшам ауданында кәріздік сорғы станциясы да салынады. Барлық жұмыстар 2026 жылдың қарашасына дейін аяқталады.

«Сонымен қатар, ауданда электр желілері де жаңартылып жатыр.  2025 жылы «АЖК» АҚ Шаңырақ-1, Айгерім-1, Айгерім-2, Ұлжан-2, Ақбұлақ, Алғабас, Теректі, Өжет және Қарасу ықшам аудандарын қамтыған 10 ықшам ауданда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіледі. 170 шақырым желі жаңартылып, тағы 28,5 шақырым желі күрделі жөндеуден өтпек. Сонымен қатар, жыл соңына дейін Шаңырақ, Ұлжан және Өжет аудандарын қамтитын 8 ықшам ауданда иесіз 73,5 шақырым желі қайта жаңартылып, 33 трансформаторлық қосалқы станция орнатылады. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінген. Жаңа өнеркәсіптік және саяжай аймақтарын электрмен жабдықтау да назардан тыс қалған жоқ. Биыл Индустриалдық аймақ пен Теплоэнергетик, Энергетик массивтерінде 9,3 шақырым жаңа желі салынып, оған 325 млн теңге бөлінді. 2025 жылдың мамырынан бастап Алатау ауданындағы 255 көше мен қоғамдық кеңістіктерде 2 900 бағана мен 3 500 шам орнатуды көздейтін ауқымды жоба басталды. Жобаның жалпы құны — 2,6 млрд теңге. Осылайша, Алатау ауданы Алматы қаласындағы ең қарқынды дамып келе жатқан ауданның біріне айналып отыр. Мұнда салынған әрбір теңге ондаған мың тұрғынның өмір сапасын арттыруға бағытталған. Алатау ауданында көпбалалы отбасылардан бастап, зейнеткерлер мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға дейінгі түрлі санаттағы тұрғындарды қамтитын кешенді әлеуметтік қолдау бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр» – деді аудан әкімі.

Оның айтуынша, аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мен қиын жағдайда қолдау көрсетуге бағытталған 13 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Олардың қатарына тұрғын үй көмегі, сауықтыру мен оңалту төлемдері, сондай-ақ коммуналдық тарифтердің өсуіне байланысты берілетін өтемақылар кіреді. Олар:

  • 93 отбасыға жалпы 3,3 млн теңге көлемінде тұрғын үй көмегі көрсетілген;
  • 461 отбасы 157,1 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алған;
  • 651 зейнеткерге жалпы сомасы 17,9 млн теңге бөлінген;
  • 350 зейнеткер мен 592 мүгедек азаматты курорттық емдеуге 323 млн теңге;
  • Ақпан айында 464 ауған соғысы ардагеріне 46 млн теңге;
  • 9 мамыр күні 895 ардагерге 94,3 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілген;
  • 127 мүмкіндігі шектеулі азаматқа жалпы 26 млн теңгеге қоларбалар берілді;
  • 394 азамат 49 млн теңге көлемінде протездік көмек алды;
  • 2 522 азамат 490 млн теңге көлемінде тегін гигиеналық көмек алды;
  • 334 адам техникалық оңалту құралдарымен қамтуға 56,6 млн теңге бөлінді.

Бұған қоса, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмектесетін 1 000 жеке көмекшінің еңбекақысына аудан бюджетінен 500 млн теңге бөлінген. 2024 жылдың желтоқсанында Қарасу шағынауданында бір ауысымда 200 адам қабылдай алатын алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының құрылысы аяқталды.