Абай облысында әжей өз өмірін сақтап қалған оқушыларға алғыс айтты

Абай облысы Көкпекті ауданындағы Көкпекті орта мектебінің 7-сынып оқушыларының жасаған ісі көптің есінде. Қыс айында «Жас сарбаз» сыныбының балалары Расул Бактыбеков, Ертай Аипказы мен Ерасыл Дауитхан «Үлкенге құрмет» акциясы аясында жалғыз тұратын 85 жастағы Фелисада Арабеж әжейдің үйіне көмекке барған. Сол күні олардың қырағылығы мен батыл шешімі қарияның өмірін сақтап қалды.

«Есікті қақтық, қоңырау соқтық – ешкім ашпады. Үйдің шамы жанып тұр екен. Күдіктеніп, көршілерден сұрадық. Олар әжейді екі күннен бері көрмегенін айтты. Тәрбиешіміз Талғат Тоқтарұлымен ақылдасып, терезеден кірдік. Ішке енгенде, әжейдің еденде ес-түссіз жатқанын көрдік. Жедел жәрдем шақырдық», – дейді Ертай Айыпқазы.

Дәрігерлер уақытында көмек көрсетіп, Фелисада апаның өмірін аман сақтап қалды. Сол күннен бастап әжей мен балалар арасында шынайы байланыс орнады. Балалар бір реттік көмекпен шектелмей, апаны өз қамқорлығына алды. Қазір олар үнемі барып, шаруасына көмектесіп, әңгімесін тыңдап, шын көңілмен қамқорлық көрсетіп жүр.

«Қарт кісілерге жанашыр болудың қаншалықты маңызды екенін түсіндік. Кейде олар үшін жылы сөздің өзі үлкен медеу», – дейді Ертай. «Біздің балалар тек патриотизм туралы естіп қоймай, оны іспен дәлелдеді. Адамгершілік деген – жанындағыларға қамқор болудан басталады», – дейді офицер-тәрбиеші Талғат Тоқтарұлы.

Балалар күніне орай Фелисада апа оларды үйіне арнайы шақырып, дастархан жайып, ақ жүрекпен алғысын білдірді. «Олар менің өмірімді сақтап қалды. Сол күннен бері менің немерелерім секілді боп кетті. Қазір жиі келіп тұрады, көмектеседі, әңгімелеседі. Осындай мейірімді, жанашыр балалардың барына шүкір», – дейді Фелисада апа мейірлене. Бұл оқиға – нағыз ерлік жайлы көп сөздің қажеті жоқ екенін, адамдықтың үнсіз жасалған іс-әрекеттен басталатынын дәлелдейтін мысал.