Тағы да коронавирус: АҚШ әуежайларында жаңа штамм таралып жатыр

АҚШ-тың әуежайларында коронавирустың NB.1.8.1 атты жаңа штамы таралып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. Hindustantimes.com таратқан мәліметке сәйкес, жаңа штамм Калифорния, Вашингтон, Вирджиния және Нью-Йорк әуежайларында табылған.
NB.1.8.1 деген атаумен белгілі COVID-19-дың жаңа нұсқасы елдің әуежайларына келген шетелдік саяхатшылардың басым бөлігінен анықталғаны айтылды. СDC (Ауруларды бақылау мен алдын алу орталығы) аталған штамм Қытайда және Азияның кейбір бөліктерінде жылдам таралып жатқанын мәлімдеді.
Індеттің бұл түрін жұқтырған адамдар Жапония, Оңтүстік Корея, Франция және Қытай сынды елдерден саяхаттан оралған. Вирусқа сынама 22 сәуір мен 12 мамыр аралығында алынғанына назар аударылды.
АҚШ-тың Огайо, Род-Айленд және Гавайи сынды кейбір штаттарында да вирус жұқтыру жағдайлары байқалған. Денсаулық сақтау саласының сарапшылары жаңа нұсқаны жіті бақылауда ұстап отырғандарын жеткізді.
Мәселен, Гонконгте де COVID жылдам таралып, аурухана төсектері емге мұқтаж науқастарға толған. Тұрғындарға маска кию режимін сақтау ұсынылды. Тайваньда да індет белең алып барады. Олар емдеу әдістерін жетілдіріп, вакцинациялауды қайта жандандырды.