Қазақстан мен Қытай шекараны кеңейтпек

Қазақстан мен Қытай делегациялары “Нұр Жолы” – “Қорғас” өткізу пункттерінде бірлескен инспекция өткізді. Тараптар шекарадағы өткізу қабілетін арттыруға келісті, деп хабарлайды BAQ.KZ Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан делегациясын МКК төрағасы Жандос Дүйсембиев, ал қытайлық тарапты ҚХР Бас кеден басқармасының министрі Сунь Мэйцзюнь басқарды. Сапар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және Қытайға кіру кезіндегі кезектер мәселесін шешу аясында өтті.
Сапар барысында тараптар шекарадағы инфрақұрылымды қарап, бірқатар шешімдер қабылдады:
- “Нұр Жолы” – “Қорғас” өткізу пункттерінің тәулік бойы жұмыс істеу режимі 2026 жылғы 30 маусымға дейін ұзартылды;
• “Нұр Жолы” арқылы автокөлік өткізу тәулігіне 650 көлікке жетті, 1 шілдеден бастап 750-ге, ал қыркүйектен бастап 1000-ға дейін ұлғаяды;
• “Қалжат” арқылы ағым тәулігіне 130-дан 250 көлікке дейін өсті, маусымда 300-ге дейін арттыру жоспарланып отыр;
• мамыр айының соңына дейін ҚХР-да “Дулаты” пунктінде мобильді тексеру кешені іске қосылады, ал қыркүйектің соңына дейін “Қорғаста” тұрақты кешен орнатылады;
• тексеру кешендерінен алынған рентгендік суреттерді өзара мойындау келісілді;
• “Нұр Жолының” жүктемесін азайту үшін көлік ағындарын “Қорғас” арқылы қайта бөлу жоспарлануда;
• “Нұр Жолы” – “Қорғас” өткеліндегі қозғалыс жолақтары мен көпірін кеңейту мүмкіндігі қарастырылып жатыр;
• шекаралық қызметтер арасында ай сайынғы кездесулер және үйлестірушілердің тоқсан сайынғы отырыстарын өткізу келісілді.
Министр Сунь Мэйцзюнь “Нұр Жолы” инфрақұрылымына жоғары баға беріп, электрондық кезек жүйесінің ыңғайлылығын атап өтті.
МКК деректеріне сәйкес, 2023 жылы Қытаймен шекараның өткізу қабілеті 202 мыңнан 429 мың көлікке дейін өсті, 2024 жылы – 734 мыңға дейін. 2025 жылдың алғашқы төрт айында шекарадан 238,5 мың көлік өткен (өсім – 41%).
Қабылданған шаралар шекарадағы кезектерді азайтып, транзит пен екіжақты тауар айналымын арттыруы тиіс.