Абай облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылуда

Өңірде мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» атты ауқымды бағдарлама бастау алды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Табиғи Ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Бекболат Мұратов баяндады.
– Көктемгі екі айлық тазалық марафоны барысында өңір тұрғындары белсенді қатысып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сәуір айының өзінде акцияға 100 мыңнан астам тұрғын қатысып, қалалар мен ауыл көшелері тазартылып, абаттандырылуда. Сонымен қатар, полигондарға 20 мың тоннадан астам қалдық шығарылып, 500-ден астам су айдыны тазартылды, олардың жағалауына ондаған мың жаңа ағаш отырғызылды. Тек «Семей орманы» резерватының өзінде ғана 1,5 гектар аумақта жастар мен корпоративтік еріктілердің қатысуымен көшет отырғызу бойынша жаппай акция өтті, – деді бөлім басшысы.
Символикалық күн ретінде 26 сәуір — Қазақстан бойынша ағаш отырғызу күні деп бектілген. Осыған орай, облыс аумағында 23 мыңнан астам жаңа көшет егілген.
– Бүгінде облыста ең үздік аула, кіреберіс, мектеп және тіпті медициналық пункт бойынша байқаулар жоспарлануда. Былтыр www.tazaqazaqstan.kz онлайн-платформасы іске қосылды, онда әр адам қоқыс, сынған фонтандар және өзге де мәселелер туралы хабарлай алады. Қазіргі уақытта 550 өтініш қабылданып, олардың басым бөлігі орындалды, – деп атап өтті Бекболат Мұратов.
Спикердің айтуынша, ең өткір мәселелердің бірі — қоқыс үйінділері. Ғарыштық мониторинг жұмыстарының нәтижесінде 266 қоқыс орны анықталып, облыс бойынша мұндай үйінділер толығымен жойылған.