Абайдың 180 жылдығына арналған пластикалық қойылым көрерменді тәнті етті

 1 және 2 мамыр күндері Түркістан музыкалық драма театрында Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған “Қара сөз” пластикалық қойылымы көрерменге жол тартты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Пластикалық қойылымның ерекшелігі – Абай мұрасы би қимылдар арқылы баяндалады. 

Қойылым режиссері және көркемдік жетекшісі – Мадина Мұратпекова. Композитор – Хамит Шанғалиев. 

Сахнадағы әрбір қимыл, әр қозғалыс Абайдың халықтық шығармасынан, яғни өлеңдері мен қара сөздерінен көрермен өзінше ой, түсінік қалыптастыра алды деп ойлаймын. Себебі әркімнің өз Абайы бар, – деп пікір білдірді театрдың тұрақты көрермені Айман Қалдыбекқызы.

Оның сөзінше, қойылым барысында ақынның музыкалық мұрасынан лирикалық әндері де орындалды. Себебі ұлы ақын халқына айтар ойын өлеңмен, қара сөзбен ғана емес, әнмен де, филисофиялық терең ойларын композиторлық өнері арқылы да ұрпаққа жеткізгісі келіп, тың әуезді шығармалар да қалдырды. Бұл – ұлт руханияты үшін мол қазына. 

Міне, осындай ерекше үлгідегі қойылымды көрерменге ұсына білген Түркістан музыкалық драма театрына халықтың ықыласы қашанда жоғары. Жас та болса, еліміздегі нағыз мәдениеттің үлгісін жасай білген театр дер едім. Олар, расында, керемет дүние жасап шығарды, – дейді Айман Қалдыбекқызы. 

Сондай-ақ тұрақты көрермен театр ұжымына алғысын білдірді.

Елімізге көркем де заманауи эксперименттерімен, креатив идеяларымен танымал театр ұжымына алғысымды білдіре отырып, алдағы қойылымдарға мол табыс пен жетістік тілеймін! – деп сөзін түйіндеді ол.

ПІКІР ЖАЗУ