Бірлік – ел тірегі: 1 мамырдың мәні неде?

Бірінші мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл – сан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан еліміздің ең жарқын мерекелерінің бірі. Бұл күн – бірлік пен достықтың, сыйластық пен келісімнің символына айналған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
1 мамыр – бұрын қандай күн болған?
Кеңес Одағы кезінде 1 мамыр – Еңбекшілердің халықаралық ынтымақ күні ретінде бекітілді. Кеңестік дәуір тараған соң, бұл мереке өзектілігін жоғалтты. Ал Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, бұл күнге жаңа мазмұн берілді.
1995 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні болып белгіленді. Ал 1996 жылдан бастап бұл мейрам ел көлемінде ресми түрде тойланып келеді.
Бұл мерекенің мақсаты қандай?
Қазақстанда көптеген этнос өкілдері тұрады. Бүгінде елімізде 130-дан астам этнос өкілдері өмір сүріп жатыр. Олар әртүрлі тілде сөйлегенімен, ортақ Отан – Қазақстанды құрмаеттейді, бір ту астында бірігіп отыр. 1 мамыр – осы халықтардың бейбіт әрі татулықта өмір сүріп жатқанын көрсететін, ұлттар арасындағы достықты насихаттайтын мереке. Мерекенің негізгі идеясы – “Бірлік бар жерде – тірлік бар” қағидасын еске салып, ел ішіндегі татулықтың қадірін ұғындыру.
Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі қандай?
1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл – еліміздегі барлық этнос өкілдерінің басын біріктіретін бірегей құрылым. Ассамблеяның басты мақсаты – ұлттар арасындағы келісімді сақтау, мәдениетті дамыту, тілді құрметтеу және азаматтық бірлікті нығайту.
Ассамблея жыл сайын 1 мамыр қарсаңында түрлі іс-шаралар өткізіп, этномәдени орталықтарды қолдайды. Оның құрамында жүздеген ұлттық-мәдени бірлестіктер бар. Бұл ұйым елдегі бейбітшілікті сақтау жолында маңызды рөл атқарып келеді.
Бірлік күні қалай тойланады?
Бұл күні еліміздің барлық аймақтарында мерекелік концерттер, ұлттық көрмелер, этноауылдар, спорттық жарыстар, шеру мен сахналық қойылымдар өтеді.
Әсіресе:
• Қаланың орталық алаңдарында түрлі этностар өз ұлттық киімдерін, би-әнін, тағамын таныстырады;
- Киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ойнатылады;
- Әр ұлттың тағамдары ұсынылады;
- Аспаздық шеберлік сыныптары мен қайырымдылық жәрмеңкелер ұйымдастырылады.
Мәселен, 2024 жылы Астанада өткен шарада 700-ден астам өнерпаз қатысқан концерт өтті. “Құрақ көрпе” атты сахналық қойылымда түрлі этнос өкілдерінің өнері бір шаңырақ астында тоғысты. Бұл көрініс елдің бірлігі мен мәдени көптүрлілігін нақты көрсетті.
Мектеп пен балабақшаларда “Достық”, “Ынтымақ”, “Бірлік – береке бастауы” деген тақырыптармен ашық сабақтар, тәрбие сағаттары өтеді. Балалар әртүрлі ұлттардың әнін айтып, биін билеп, ұлттық тағамдарымен танысады.
Мұның бәрі жас ұрпаққа толеранттылық, сыйластық пен ынтымақтастық секілді құндылықтарды сіңіруге бағытталған. Студенттер фестивальдерге қатысып, әртүрлі мәдениеттерді таныстыратын көрмелер жасайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
“Татулық пен тұрақтылық – біздің дамуымыздың негізі. Қазақстан халқының бірлігі – ең басты құндылығымыз”, – деді.
Бірлік күні – тек ән-күймен тойланатын мейрам емес, ел бірлігін нығайтатын саяси, әлеуметтік, мәдени мәні бар маңызды күн.
Алғыс айту күнімен байланысы қандай?
1 наурыз – Алғыс айту күні, ал 1 мамыр – Бірлік күні. Екеуі бір-бірімен тығыз байланысты. 1 наурызда түрлі ұлт өкілдері қазақ халқына ризашылығын білдірсе, 1 мамырда барлығы бірге елдің татулығын дәріптейді.