Жігіт қыздың абыройын, қыз жігіттің тұрмысын тексереді – Нұрлан имам

Ырыскелді қажы атындағы мешіттің бас имамы Нұрлан Байжігітұлы материалдық жағдай, отбасын құру мен неке қию тақырыптарына қатысты BAQ.KZ тілшісінің бірнеше сұрағына жауап берді.
2024 жылы Қазақстан қоғамдық даму институты жариялаған Қазақстан отбасылары ұлттық баяндамасында жастар арасында отбасылық өмірге деген көзқарас өзгеріп, қаржылық тәуелсіздік пен тұрақтылыққа басымдық беріліп жатқаны айтылады. Көптеген жастар жақсы білім алып, мансап құрып, отбасын құрмай тұрып, қаржылық тәуелсіз және тұрақты болғысы келеді. Мысалы, қыздарға ата-анасы үй сатып алып беруге тырысады. Қазір осындай үрдіс бар.
Тең құқықтық қатынастар, міндеттерді тең бөлу және тағы басқа. Ислам тұрғысынан бұл дұрыс па?
Бұл сұраққа дініміз жауап береді немесе адамның иманы шешеді десем қалай қарайсыз? Себебі қазір өмірді тек нарықтың деңгейімен өлшеп кеттік, материалдық байлыққа аса мән бергеніміз сонша, оны бірінші орынға шығардық, көк қағазбен сатып алған көл-көсір дүниеміздің ортасында көсемнің күйін кешіп жүрміз. Алайда шынайы бақытты таптық па? Мемлекетіміздің капитализм картасына қарағанына отыз жыл өтті, тәй-тәй басқан бала сияқты сатысымен біртіндеп көтеріліп келеді.
Алайда арамызда әлі де коммунизм идеологиясынан шыға алмай жүргендер яғни “үкімет беру керек” дейтін саналар баршылық. Иә, үкіметтің халық алдында атқарар құқықтық міндеттері бар, біртіндеп орындалып та келеді. Алайда “Алма піс, аузыма түс” дегендей, үкіметке телміріп, Құдайдай сеніп отыра бермеуіміз керек деген ойдамын.
“Өзің білге” өткенімізге орда бұзар уақыт өтті яғни әрекетке берекеттің жолы ашылған тұста “Амалда, қол қусырма, қарап отырма, ізден, еңбектен, талаптан, күніңді қаратпа” дегенге ергендер болды, ермегендер қалды, бірі қосылды, бірі қозғалмады. Қазір жемісін әркім әрқалай көруде, яғни бірі қуанып, бірі қайғыруда, бірі ұтса, бірі ұтылуда. Алайда осы аралықта халықтың рухани деңгейі құлдырап, ілім ілмигеннің, білім бейшараның, ғылым ғаріптің күйін кешіп кетті.
Біліңіздер, қай ғасырдың, дәуірдің, заманның, мемлекеттің, елдің, қоғамның адамы рухани бай болса ғана бұл өмірді өкінбей өткізеді. Ал “Рухани байлық қайда, қай ілімде, білімде, ғылымда?” деп сұрасаңыздар, ол – тек Исламда. Яғни кез келген ұлттың рухани құндылығы, тіпті, біздің ата салтымыз да, ата дәстүріміз де исламмен байланысты, исламмен көтерілді, бұған тарихымыз тәжірибе.
Өйткені ислам әрдайым білімді қолдайды, ғылымды жақтайды, тек бір ғана шарт, ілімнен баста дейді, яғни Ислам – рухани ілімнің негізін құрайтын дін. Ал дәл қазір қазақ жастарының қаржылық сауаттылығы қажет, қоғамның дамуына септігін тигізетін шығар, оған 24 жыл кешіктік десем де болар.
Алайда қазақ жастарының рухани ілімі яғни осы өмірдің ақиқатына жету үшін, өзін тану яғни адами болмысын тану үшін, өзін жаратқан Алланы танудан бастау алса, ата-ананы құрметтеуді білсе, ағайыннан үзілмесе, сөзіне ісі сай болса, бүгінгінің жан-жақты, білімді, ғылымды, ең бастысы иманды қазағы болады. Ал иман бар жерде ұят бар, махаббат бар, адалдық бар, бастысы әділдік бар.
Хадисте “Бойжеткен қызыңды тұрмысқа беруге, ұлыңды үйлендіруге асық” деген бар. Алайда өзінің жұбын таба алмай жүрген жастар көп. Олар өз адамын асықпай күтуіне болмай ма? Тез отбасын құру үшін жастарға қандай кеңестер бересіз?
Жастық шақ бәрімізден өтті яғни біз де жас болдық, ақылымыз, көргеніміз, білгеніміз, түйгеніміз аз болды. Бұл хадисті негізінен жастықтың бетімен немесе албырттықпен өмірдің озбыр тұстарына ілікпей тұрғанда, өзінің теңін яғни жұбын тауып, бір отаудың астында бір шаңырақтың адамындай өмір құрып, бір жолға түсуіне жолдама деп білуіміз керек.
Иә, теңін таба алмай жүрген жастар маған да жиі қайрылады. Өмір – біреу, оны абыроймен өткеру – адами қасиет. Бірақ сол қасиеттің қасіретке айналып жатқанына жиі ұшырасқанымнан түйген түйінім, қазақтың кез келген ұлы мен қызы физиологиялық тұрғыда пісіп жетілгенімен, отау құруға, жауапкершілікті сезінгенде, яғни психологиялық тұрғыда дайын болғанда ғана “иә” деген жауапты бірінші өзіне, содан кейін жігітіне немесе қызына айтуы тиіс.
Бұл ойыммен көпшілік келісе қоймас, алайда дәл қазіргі қазақ жастарына бұл қажет қағида деп білемін. Ал енді тез отбасын құру дегеніңіз қалай? Бұл тез жетілуден кейін тұратын тез шешім қабылдау, тез-тез үйлену, тез-тез бала туу, тез шаршап-шалдығу, тез ашуланып ренжісу, тез ұрсысып ажырасу, тез-тез екі жаққа кету ме? Онда бәрі тез-тезбен өтіп кететін өмір болады. Сондықтан, тез, ойсыз үйлену деген болмайды, асығу – шайтанның ісі әрі өкініш болмауы керек…
Отбасын құруға бизнес жоба секілді қарау керек дегенді естігенмін. Жастардың жүруі неліктен дұрыс емес? Бас қосқысы келетін жастар шариғат бойынша қалай кездесуі керек? Не туралы сөйлесуі керек?
Естуіңізде бизнес жоба деп тұр иә? Яғни жоба тек бизнесте ғана болады, мейлі сауда – саттық, мейлі көрнекі кәсіп болсын, жобаның бағытын бұрып жіберу оңай, оның ғұмыры қысқа да болуы мүмкін. Ал отбасы – ол бизнес емес, ол жоба да емес, ол – ғұмырлы шынайы өмір, яғни эмоцияға толы өмірді бір қалыпқа салуға келіңкіремейді, жобадағыдай болмауы әбден ықтимал.
Отбасының отын тек бір ғана сезім жағады, яғни екі адамның таусылмас махаббаты ұзақ жанса, отбасы әрқашан ыстық болады. Ал жастардың бір-бірімен танысып, білісіп, көрісіп жүргені дұрыс дейін десең, қазіргі заманауи жастар мұнымен шектеліп қана қоймай, сезімге ерік беріп, күнәға барып, абыройсыздыққа ұрынып жатыр. Тіпті қыз бен жігіттің дұрыс танысып, жүріп-тұруы азайып барады.
Шындығы сол, қазіргі жігіттерде қыздың абыройын тексеру тұрса, қыздарда жігіттің тұрмыстық жағдайын, анасы мен әкесін тексеру тұрады. Соңында алданып, арбалып, ақыр аяғында көрместей болып, бір-бірін тастап жатады. Сондықтан шариғат қыз бен жігіттің некесіз кездесуіне тыйым салады, өйткені олар – бір-біріне бөтен жандар. Бұл – харам, мұнда қайыр жоқ делінеді.
Алайда үйлену ниетінде бір-бірімен жұрт бар жерде кездесіп, сөйлесіп, шарт қойысып, үйленуге келісім жасауына рұқсат бар. Егер қойылған шартқа екеуінің біреуі келіспесе, мысалға айталық, қалың малы болмаса немесе айтқан сомасына қаражаты жетпесе, үйлену уақыттарымен келіспей жатса немесе сұрағанын жасап барып үйленем деген ниет қойса, тіпті ғашық болып қалса да, бөтен қызбен сөйлесуге, хат алысуға болмайды.
Себебі бұл – күнә, яғни мұны діннің қатаңдығы деп қабылдамау керек. Мұның артында құқық, ар тазалығы, абырой сақтау тұр әрі мұны кезінде ата-бабамыз да ұстанған.
Жастардың Алла алдындағы некесі қай жерде, қай уақытта қиылғаны дұрыс? Кеңестік кезеңде Ислам шеңберінде некелеспеген жұптар не істеуі керек?
Шариғат жолымен неке қию ата салтымызда бар әрі оңды дүние яғни оң жақта отырған қызын әкесі ақ некесімен ұзатқан, себебі қыздың ар тазалығына әке жауапты. Қазір бұл үрдісті қолданатын әкелер жоқ емес, бар, бірақ аз.
Ал кеңестік дәуірде мұсылманша неке қиылмаса да, үкіметтің некесі болса, жарамдыға өтеді. Ал сельсовет деген мекемеге өтініш беріліп, жұрт алдында жарияланбай, неке құжатын даярлап, үйіне әкеліп берген болса, бүгінгі таңда мешіт көп, имам көп, қол ұстасып, судай тасып, бала-шағасын ертіп, қидыртса да болады. Бұйыртса, некелері Құдай алдында ақ болады.