Актерлер, музыканттар, кітапханашылар елорданың тазалығына атсалысты

 Елордалық мәдениет қайраткерлері «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясын қолдап, жалпықалалық сенбілікке қатысты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Оған 200-ден астам мәдениет саласының өкілі, оның ішінде театр әртістері, кітапхана қызметкерлері, музыканттар мен хореографтар қатысты. Жиналғандар Сығанақ пен Төле би көшелерінің қиылысында ағаш көшеттерін отырғызып, айналаны ретке келтірді.

Қаланың өсіп, тазарып жатқанын көріп отырмыз. 20 жылдан кейін балаларымызбен қаланы аралап, мен еккен жөке ағашы осында өсіп тұр деп айта аламыз. Бұл керемет, бұл – біздің болашағымыз, – деді М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актрисасы Ульяна Апрельская.

Әрбір мәдениет мекемесі маңайындағы аумақтарды тазарту, абаттандыру шараларын өткізді.

Экологиялық науқан барысында алты ауданда 6 мыңнан астам жасыл желек отырғызылады.

Астанада экологиялық акция аясында қаланы, нөсер және суару арықтарының кәріз желілерін санитарлық тазалау, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық орындарды және аулаларды тазалау және т.б. жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жасыл екпелерді күту және отырғызу бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар, сауда алаңдарын тазарту, рұқсат етілмеген үйінділерді жою және т.б. жұмысы жүргізілді.

Сондай-ақ, экологиялық бастама аясында елордада арнайы тақырыптағы сенбіліктер, мектептерде экологиялық сабақтар, флешмобтар, ақпараттық науқандар мен абаттандыру байқаулары жүйелі түрде ұйымдастырылады.

ПІКІР ЖАЗУ