Тоқаев: Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы

Мемлекет басшысы жастар ұсынған жобалармен танысқанын жеткізіп, әр бастамадан туған елге, табиғатқа деген қамқорлық байқалатынына назар аударды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Дана Есенғали мен Камила Қышқашбаеваның жобаларына тоқталып, бұдан қазақ жастарының жасампаз болмысы көрінетінін, ел мен жерге шынайы жанашырлығы білінетінін мәлім етті. Сонымен қатар Қазақстанның болашағы осындай санасы сергек, ойы ұшқыр жастардың қолында екенін баса айтты.
Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы. Соңғы жылдары елімізде көптеген маңызды өзгеріс болды. Әділетті мемлекет болу үшін біз заң мен тәртіпке бағынатын қоғам құрып жатырмыз. Сондай-ақ ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, өскелең ұрпақ үшін, яғни сіздер үшін жасалуда. Қазақ жастарының болашағы – жарқын, жолы – ашық. Мен сіздерге сенемін, зор үміт артамын! Отаншыл, білімпаз, еңбекқор болыңыздар деп тілеймін. Сонда Қазақстанымыз да Әділетті, Таза, Қауіпсіз және Өркендеген озық ел болмақ. Бәріңізге сәттілік тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.