ҚАЛА ӘКІМІ ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ БОЙЫНША ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНЫҢ АКТИВІМЕН КЕЗДЕСТІ

Шымкент қаласының «Сайрам» шағынауданы № 65 жалпы орта мектепте ҚР Президентінің халыққа Жолдауын насихаттау бойынша Еңбекші ауданының актив мәжілісі өтті.
Жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты стратегиялық құжаттағы басым бағыттарға тоқталып өтті. Актив жиынына Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Марат Жүндібаев та арнайы қатысты.

Алқалы жиында бірқатар баяндамашылар жарыссөзге шығып, Жолдау аясында берілген тапсырмалар мен атқарылатын жұмыстар жөнінде өз ойларын ортаға салды. Алдымен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университетінің проректоры, доцент Сәкен Мәжінбеков Жолдаудың негізгі бағыттары бойынша баяндама жасады.
– Пандемия жағдайындағы мемлекеттің дамуының жаңа бағыттарын айқындайтын ұлттық жобалар құнды болып табылады. Жолдаудағы басты назар елдің экономикалық жағдайын арттыруға бағытталған. Мемлекет басшысы «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму», «Өңірлік саясатты жетілдіру», «Еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру» бағыттарында маңызды шаралар ұсынып отыр, – деді Сәкен Аралбайұлы.
Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің проректоры Баршагүл Исабек биылғы Жолдау қоғам мүшелерінің, оның ішінде білім арқылы өркениетке ұмтылған мыңдаған жастардың келешекке деген сенімін күшейте түскенін атап өтті.

Қала әкімі Жолдау аясында шаһарда жүзеге асатын нақты шаралардан хабардар етті.
– Президент Жолдауда 70-ке жуық тапсырма берді. Құжатта көрініс тапқан 7 бағытты қала көлемінде жүзеге асыру бойынша нақты шаралар қабылданады. «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының мерзімі бір жылға ұзартылды. Бұл бағытта шаһарда жүйелі жұмыстар қолға алынған. Шикізаттық емес секторда 62 жоба іріктеліп, экспорттық әлеует 608 млрд теңгеге жетеді. Шетелдік инвесторлардың қатысуымен кемінде 15 жоба іске асады, 2 мың адам жұмыспен қамтылады. Ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеуде «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы құрылуда. Экспорттық әлеуетті арттыруда көптеп инвестиция тарту керек. Бұл ретте индустриялық аймақтардың маңызы зор.
Мемлекет басшысы инфақұрылым мәселесін шешуді тапсырды. Біздің бұл бағытта 5 жылға нақты жоспарымыз бар. Бірінші қажетті азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді. Бүгінде 3 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы да әлеуметтік дүкендер ашуды жоспарлап отырмыз, – деді қала әкімі.

Сондай-ақ, шаһар басшысы сауда-логистика аймағында қосымша қоймалар құрылысы жоспарланып жатқанын мәлімдеді. Жиынды қорытындылаған қала әкімі Жолдауда берілген тапсырмаларды бірлесе орындауға шақырды.

ПІКІР ЖАЗУ