Алматыда күзетшіні ұрып өлтірген адам 22 жылға сотталды

Элиталық тұрғын үй кешенінде күзетшіні аяусыз соққыға жығып, өлтірген ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі. Сот Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтті.

Күдікті сондай-ақ бұрынғы серіктесінің интимдік бейнелерін таратқаны анықталды. Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, оны 22 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлімінің 5-тармағы және 147-бабының 5-бөлімі бойынша қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 99-баптың 2-бөлімінің 5-тармағы бойынша 19 жыл бас бостандығынан айыру жазасын, 147-баптың 5-бөлімі бойынша 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындасын. Қылмыстық құқықбұзушылықтардың жиынтығы бойынша, жазаларды ішінара қосу арқылы, түпкілікті 22 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындасын,- деді сот.

Қаза тапқан күзетші Нұрбол Қайыпбаев үш баланың әкесі болған. Үлкен қызы – 15 жаста, кенже ұлы – 6-да. Еске сала кетейік, былтыр көктемде Алматыдағы элиталық “Меркур Тауэрс” көпқабатты үйдің тұрғыны мас күйінде көлік тізгіндеп, қақпаны жауып жатқан күзетшіні әдейі бірнеше рет қағып, артынша ұрып өлтірген еді.

ПІКІР ЖАЗУ