Доллар қанша теңгеге дейін жетеді? – сарапшы болжамы

 Экономист Сапарбай Жұбаев салық кодексіндегі өзгерістер халық тұтынатын азық-түлік бағасына айтарлықтай әсер етпейді деп санайды. Ал теңге бағамының әлсіреуі импорт тауарларына әсер етіп, дәрі-дәрмек пен техника қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Азық-түлік бағасына айтарлықтай әсер етпеуге тиіс. Себебі азық-түлік өндіретін ауыл шаруашылығына қосымша құн салығы салынбайды. Сонымен қатар азық-түлікпен айналысатын кәсіп иелері де салықтан босатылған. Қазір еліміздегі ірі-ұсақ дүкендердің 94 пайызы ҚҚС төлемейді. Ал жаңа кодекс қабылданса, бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін төмендеуі мүмкін, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, салық кодексінде бір ерекшелік бар. Ол – тауар кәсіпорыннан кәсіпорынға өткенде ҚҚС қосылуы, ал соңғы тұтынушыға сатылғанда салынбауы мүмкін. Бұл ірі өндіріс орындарына әсер етуі мүмкін, бірақ қарапайым халық тұтынатын тауарларға бағасы арқылы білінбеуі ықтимал.

Сондай-ақ, Жұбаев теңге бағамының әлсіреуіне тоқталып, оның салдары туралы пікірін білдірді.

Мұнайдан Ұлттық қорға 50-60 пайыз қаржы түседі. Егер мұнай бағасы төмендеуі жалғаса берсе, түсім азая береді. Оның нақты әсері 2-3 айдан соң біліне бастайды. Қазірдің өзінде теңгенің 503 теңгеден 521 теңгеге әлсіреуінен байқап отырмыз. Бұл импорт бағасының өсуіне әкеледі. Әсіресе, дәрі-дәрмек пен техниканың бағасы көтеріледі. Ал металл, бидай және ұн экспорттаушыларға бұл тиімді болуы мүмкін. Жалпы, теңгенің ең жақсысы – тұрақты тұрған теңге. Меніңше, жақын арада теңге долларға шаққанда 520-525 деңгейінде тұрақтайды, – деді экономист.

ПІКІР ЖАЗУ