2025 жылы қандай бағдарламамен үй алуға болады

 Баспана – әр отбасының басты қажеттіліктерінің бірі. Қазақстанда ипотека бағдарламалары арқылы тұрғын үй алу – халық үшін ең танымал әрі қолжетімді шешімдердің бірі. BAQ.KZ тілшісі бұл мақалада еліміздегі ипотека бағдарламаларының ерекшеліктері, талаптары мен артықшылықтары жайлы айтады.

Қазақстанда ипотека банктер мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы беріледі. Тұрғын үй нарығында сұранысқа ие болу үшін мемлекеттік қолдау және тиімді шарттар ұсынылады. Бүгінгі күні елде төмен пайыздық мөлшерлеме, ұзақ мерзім, бастапқы жарнаның икемділігі сияқты шарттармен бірнеше ипотекалық бағдарлама бар.

7-20-25

– Ерекшелігі: Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы.

– Пайыздық мөлшерлеме: 7%.

– Бастапқы жарна: 20%.

– Мерзімі: 25 жылға дейін.

– Кімдерге арналған: Орташа табысы бар азаматтарға.

– Артықшылықтары:
– Ұзақ мерзімде төлем жасау мүмкіндігі.
– Төмен пайыздық мөлшерлеме.
– Жаңа үйлерді сатып алуға бағытталған.

Ескерте кететіні, 1 қаңтардан бастап бұл бағдарламаға жаңа талап енгізілді. Үй алатын адамның (не болмаса жұбайының) меншігінде соңғы 18 айда баспана болмауы керек. Бірақ бұл санатқа апатты жағдайда тұрған, аумағы 15 шаршы метрден аспайтын 1 бөлмелі жатақханалық үй-жайлар кірмейді.

Қаржылық сауат телеграм-арнасының мәліметінше, осы бағдарламамен кредит рәсімдеген әскери мамандарға да белгілі бір деңгейде жеңілдік беріледі. Яғни мерзімді әскери қызметте жүрген клиент негізгі қарызы мен пайыздарын өтеу мерзімін кейінге қалдыра алады. Ондай мүмкіндік әскери мерзім аяқталған соң да 60 күнге дейін сақталады.

“НАУРЫЗ”

– Сыйақы мөлшерлемесі: Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жылдық 7% (ЖТСМ 7,3%-дан 8,9% дейін), басқа санаттағы азаматтар үшін 9% (ЖТСМ 9,3%-дан 11,8% дейін).

– Алғашқы жарна: 20%-дан 10%ға төмендетілді.

– Несие мерзімі: 19 жылға дейін.

– Несие сомасының шегі: Астана және Алматы қалалары үшін 36 млн теңгеге дейін, басқа өңірлер үшін 30 млн теңгеге дейін.

– Қатысушылар: Барлық қазақстандық, оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары, жұмыс істейтін жастар, жас отбасылар, тұрғын үй төлемдерін алушылар, Отбасы банк салымшылары, моноқалалардың, аудан орталықтары мен ауылдық елдімекендердің тұрғындары.

Биылғы талап бойынша енді сатып алынатын баспана қонысқа дайын болуы шарт.

Сондай-ақ “Наурызбен” баспана алатындардың шотында 2 млн теңге болуы керек.

“ҰМАЙ”

Шарттары:

– Несие сомасы: Ең жоғарысы 30 млн теңгеге дейін.

– Пайыздық мөлшерлеме: Алғашқыда жылдық 14,4%, кейіннен 3,5%-5%-ға дейін төмендетіледі.

– Бастапқы жарна: 15%-20%.

– Несие мерзімі: 25 жылға дейін.

– Тұрғын үй таңдауы: Алғашқы және екінші нарықтан, соның ішінде үлестік қатысу шарттары бойынша сатып алуға болады.

“ЖАСЫЛ ИПОТЕКА”

Шарттары:

– Заем мақсаты – ӨМІР/ Р МЕМСТ/ BREAM/ LEED сәйкестік сертификаттары бар, құрылыстың «жасыл стандартына» сәйкес келетін нысаннан жаңа тұрғын үй сатып алу және жөндеу жұмыстарын жүргізу;

– Бастапқы жарна – шарттық соманың 20%-нан 50%-на дейін;

– Заем мерзімі – 6 айдан 25 жылға дейін;

– Қарыз сомасының 50%-ын жинақтағаннан кейін заем мөлшерлемесін төмендету -жылдық 3,5 % (ЖТСМ 3,6% бастап 4,4% дейін) бастап жылдық 5 % (ЖТСМ 5,1% бастап 6,9% дейін) дейін;

– Заемның ең жоғарғы сомасы – 35 000 000 теңгеге дейін.

Ислам ипотекасы

Отбасы банк серіктестерімен бірге 2025 жылы Қазақстанда ислам ипотекасын іске қосуды жоспарлап отыр. 

Шариғат қағидаларына негізделген ислам ипотекасында пайыздар негізгі қарызға қолданыла алмайды. Сондықтан алдағы уақытта банк тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін пайдалана отырып, ислам қағидаттары бойынша тұрғын үйді қаншалықты нақты сатып алуға болатынын қарастырады.

Отбасы банк CSQlaw Қазақстандағы филиалымен де меморандумға қол қойды. Бұл малайзиялық компанияның Қазақстандағы филиалы. Ынтымақтастық аясында бұл компания Отбасы банк қызметкерлерін шариятқа сай қаржылық құқық негіздері мен исламдық қаржыландыру бойынша кешенді оқытуды ұйымдастырады.

Арзан бағаға қалай баспана алуға болады?

Жалпы, көп адам біле бермеуі мүмкін, нарықта ойып тұрып орын алған құрылыс компаниялары өз клиенттеріне «серіктестік бағдарламамен» ипотека ұсынады. Оның жылдық пайыздық ставкасы нарықтағы екінші деңгейлі банктердің ипотекалық ставкаларынан әжептәуір төмен келеді. Құрылыс компанияларына үй іздеп барғанда міндетті түрде осы жайында сұраңыз, – деп жазады Қаржылық сауат телеграм-арнасы.

Фундаменті енді басталған үйден де арзан бағаға пәтер алуға болады. Бірақ ол нарықта мойындалған сенімді компания болғаны дұрыс. 

Содан кейінгі қадамыңыз былай: үй салушы компания менеджерінің көмегімен тұрғын үй кешенін (ЖК) және пәтерді “орналасуына” қарап отырып таңдайсыз. Сеніңіз, құрылыс кезінде үй әлдеқайда арзан болады. Сосын үй құнының 20%-ын жарна ретінде төлеп, өз пәтеріңізді “броньдау” арқылы бағасын “фиксациялайсыз”. Фундамент кезіндегі бағаны солай ұстап қалуға болады. Сосын құрылыс компаниясы ұсынатын «серіктестік бағдарламамен» келісімге отырған банктердің проценттік ставкасына қарап отырып, ипотекалық өнімдерін қолданасыз, – дейді арна.

Бұл партнерлік бағдарлама клиентке ешқандай шектеу қоймайды. Банк қарыз алуға берген өтініміңізді мақұлдаса, сол жеткілікті. Бұл қызметтердің бәрін онлайн жасауға болады.

Жоғарыда келтірілген ипотека бағдарламаларынан басқа да жобалар жетерлік. Мысалы, ғалымдарға, жұмысшы жастарға арналған жалдамалы пәтерлер, оған қоса жастарға арналған өңірлік бағдарламалар бар.

Бүгін Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов тағы жаңа бағдарлама іске қосылатынын мәлімдеді. Ол бағдарлама жұмысшы кадрларға арналады. Үкімет басшысы жауапты органдарға ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырды. 

ПІКІР ЖАЗУ