Ұшақ апаты. 11 адамның жағдайы ауыр
Маңғыстау облыстықауруханасына ұшақ апатынан зардап шеккен 29 адам ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды BAQ.KZ. Ақтауда орын алған апаттық жағдайға байланысты облыс әкімінің басшылығымен жедел штаб құрылды. Зардап шеккендерге қажетті жағдай жасалып жатыр. Дәрі -дәрмек жеткілкті.
Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасы 30 хирургиялық және травматологиялық төсекті, сондай-ақ 10 реанимациялық төсекті дайындады. Облыстық балалар ауруханасы 20 төсекті және 10 реанимациялық төсекті әзірледі. Бұдан бөлек, жеке клиникаларда қосымша төсектер дайын. Барлығы 60 хирургиялық, травматологиялық және соматикалық төсек және 26 реанимациялық төсек дайындалды. Жалпы 29 адам зардап шеккен. Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасына 27 адам жеткізілді. Қабылдау бөлімінде сұрыптау жүргізілуде. 27 зардап шеккендердің 11-і ауыр жағдайда, олар реанимацияға жатқызылды. Ал екі бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Оқиға орнында жедел жәрдем бригадасы 4 адамның қайтыс болғанын растады. Қалған жолаушылар бойынша апат орнында іздестіру жұмыстары жалғасуда.
Айта кетейік, сағат 11:10 Ақтау қаласының маңында “Баку-Грозный” бағытындағы ұшақ апатқа ұшыраған еді. Ақтаудағы ұшақ апатынан 12 адам аман қалып, Ақтау ауруханасына жеткізілген еді. Апатқа ұшыраған ұшақта 6 қазақстандық болған. Тоқаев тапсырмасы бойынша мемлекеттік комиссия құрылды. Бас прокуратура Ақтау маңындағы әуе апатын тергеу үшін ведомствоаралық тергеу-оперативтік топ құрылғанын мәлімдеді.