“Өмірге құштар адам еді”: Айтбек Амангелді марқұм Шерзат Болаттың ағасының қазасы туралы айтты
Марқұм Шерзат Болаттың отбасына көмектесіп жүрген құқыққорғаушы Айтбек Амангелді Instagram-дағы парақшасында Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды. Амангелдінің айтуынша, алдын ала медициналық сараптама қорытындысы шыққан. “Қаралы хабарды естіген уақытта “мүмкін емес” деген ой келді. Мен онымен талай мәрте сөйлескенмін. Өмірге құштар адам еді. Бауырының қазасынан кейін енді ғана басын көтеріп келе жатқан. Жоспарлары, ойлары бар еді. Оңтүстік Кореяға жұмысқа кету мәселесін де талқылағанбыз. Оның артында азаматтық некедегі әйелі қалды. Бала жоспарлаған, бірақ үлгермей қалды”, – дейді құқық қорғаушы.
Айтбек Амангелдінің айтуынша, Шерзаттың ағасы бауырының қазасына қатты қайғырды. Өмірмен қоштасу туралы ойлары да болған. Оны психологқа айтқан. Бірақ, Айтбектің айтуынша, кейін жаман ойынан арылған. Себебі марқұмның туысы әділет үшін күресу, жұмыс істеу, сотты өткізу керектігін түсінген. “Тергеу үшін ол куәлік еткен мәліметтер өте маңызды. Жеке өзі, беттестіру кезіндегі айтқандары іске қосылған. Басты тергеу жұмыстары аяқталуға жақын”, – дейді ол. Амангелдінің айтуынша, алдын ала қорытындыда өлім себебі нақты айтылғанына қарамастан, жақында сот-медицина сараптамасы тағайындалады. Мамандар өлім алдында қалдырған жазбаны өзі жазған-жазбағанын, кімдерге хабарласқанын, оның автокөлігі қай жерлерге барғанын анықтайды. “Қылмыстық іс қозғалды. Себебі өлімнің құпиясы көп. Оның жағдайы айтарлықтай тұрақты болған. Бірдеңеге ренжіген, бірақ ешкімге білдірмеуге тырысқан. Қайда баратынын айтпай кеткен. Жаза бастаған уақытта ғана отбасы бірдеңе болғанын түсінген, іздей бастаған. Қылмыстық кодекстің 105-бабы – “Кісі өліміне дейін жеткізу” күдігімен іс қозғалды. Нұрқанатқа әлеуметтік желілерде көп тиіскен – жеке адамдар да, пабликтер де тілдеген. Күдіктілердің аналары оны маскүнем деп атаған. Жала жабу мәселесіне қатысты арыз түсірілді, сәрсенбі күні сотта қарауға тиіс. Оған күн көрсетпеген жекелеген адамдар осындай жағдайға дейін жеткізген болуы мүмкін деп топшылаймыз”, – деді Амангелді.
Естеріңізге сала кетейік, 9 желтоқсанда таңертең Талғар маңында Шерзат Болаттың ағасының денесі табылды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ер азамат полиция қорғауындағы нысаннан сағат 23.30-да жеке автокөлігімен шығып кеткен. Кейін полиция оның қаза алдында туыстарына жазған хатын жариялады. Шерзат Болат 4 қазанда Талғар қаласындағы жанжал кезінде қаза тапты. Осы оқиға бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында 11 адам ұсталды. Айта кетерлік жайт, Айтбек Амангелді былтыр Астанада былтыр қайтыс болғанСалтанат Нүкенованың туған ағасы. Ол 24 жылға сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаев ісіне қатысты сотқа жәбірленуші ретінде қатысқан. Қазір ол Шерзат Болаттың қазасына қатысты істе құқық қорғаушы болып жүр. Осының алдында Айтбек Амангелді Instagram әлеуметтік желісінде арнайы парақ ашып, жасөспірім қазасынан кейін митингіге шықпауға үндеген.