ШЫМКЕНТ: Денесін толық күйік шалған науқас толықтай жазылып шықты

27 жастағы Өркен Қызылорда облысындағы жеке компаниялардың бірінде еңбек етіп жүріп, жұмыс орнында ауыр жарақаттанып, ауруханаға түсіп қалады. Қызылорда қаласындағы медицина мамандары науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетіп, санавиация қызметімен Шымкент қаласындағы Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығының дәрігерлерін консультацияға шақырған. Нәтижесінде шымкенттік дәрігерлер ауыр науқасты тексере келе, өмірін аман алып қалу үшін санавиация қызыметімен Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығына ауыстырған.

Орталық дәрігерлері науқастың денесінің 92 пайызы күйік шалғанын анықтап, «термиялық күйік» диагнозымен жансақтау бөліміне жатқызады. Орталықтың білікті дәрігерлері ауыр науқастың аяғынан тұрып кетуіне барынша күш салып, өмірін аман сақтап қалды. Бір аптаға жуық жан сақтау бөлімінде жатқан науқасты палатаға ауыстырған.

Айта кету керек, екі аптадан аса ем алған Өркенннің бүгінде алып жатқан емі оң нәтиже беріп, қазір жағдайы жақсарған. “Ажалдан аман қалып, қайтадан туылғандай болып отырмын. Мені өмірге екінші рет алып келген дәрігерлерге рақмет”-дейді Өркен.

Ал орталықтың бас дәрігері М.Ермаханбетова денесін толық күйік шалған науқастың қазіргі жағдайы жақсарып, күйік шалған жерлері жазылып келетіндігін, тіпті келесі аптада үйіне шығаруды жоспарлап отырғандығын жеткізді.

ПІКІР ЖАЗУ