Түркістан облысында жүгенсіз жүргізушілер жедел жауапқа тартылды
Түркістан облысының полицейлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, күнделікті патрульдеу қызметтерінен бөлек әлеуметтік желілерге де тұрақты мониторинг жүргізіп отырады. Осындай кезекті бақылау кезінде полицейлер бірқатар заң бұзушылықтарды анықтап, оны жасаған жүргізушілерді шұғыл тауып, жауапқа тартты.
Нақтырақ айтсақ, Түркістан облысы ПД патрульдік полиция тобының назарына “Алматы-Ташкент-Термез” тас жолында «кортеж» ұйымдастырған бірнеше көлік ілікті.
Полиция қызметкерлері бейнежазбадағы жол ережесін бұзып, басқа көліктердің жүруіне кедергі келтірген көліктер іздестірілді. Нәтижесінде бейнежазбадағы 2 бірдей “Mersedes-Bens” көлігінің жүргізушілері анықталды.
Бұл екі жүргізуші Сайрам ауданының тұрғындары болып шықты. Жол қозғалысы ережесін бұзған көлік тізгіндеушілеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ жас жігіттерге «Жол жүрісіне қатысушының жол жүрісі қағидаларын авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан бұзушылығы» бойынша хаттама толтырылды.
Бұдан бөлек бейнежазбадағы басқа да көлік жүргізушілерін тез арада тауып, жауапқа тарту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру, жол-көлік оқиғаларын азайту мәселесі әрқайсымыз үшін маңызды! Сондықтан Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерге жолда абай болуға және жол ережесін қатаң ұстануға кеңес береді. Жол қателікті кешірмейді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі