Мал ұрлығының алдын алу бойынша жедел профилактикалық шара өткізілді

Түркістан облысы полиция департаменті Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен ауылдық жерлердегі мал ұрлығының алдын алу мақсатында жедел профилактикалық шара жүргізілді. Аталған іс-шара аясында полиция қызметкерлері «мал ұрлығы картасы» криминогендік жағдайдың осал учаскелерін айқындап, ұрлық жиі орын алған ауылдардың кіріс-шығыс жолдарында уақытша полиция бекеттерін ұйымдастырды.

Сонымен қатар жол бойында орнатылған бейнекамералардың мүмкіндіктерін және ауыл белсенділерінің көмегін кеңінен пайдалануды жолға қойды. Қазіргі таңда осы ұрлық түрін жою аясында, аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінен 4 жұмыс тобы құрылып, жұмыс жүргізуде.

Мал ұрлығының жиі кездесуінің негізгі себебі, мал иелерінің жайылымдарға малдарын қараусыз жіберу және қоралардың тиісті деңгейде жабдықталмауы. Соған байланысты аудандық полицейлер тарапынан, ауыл әкімдеріне, учаскелік инспекторларға, ауыл билері мен белсенділеріне осы мәселені шешу жолдарын қарастыру ұсынылды.

Осы орайда мал мен ет өнімдерін сатып алып, өткізу орындарында да тексеру жүргізілді. Малдарды сырғалау, «GPS»чиптерін орнату, малдарды түгендеу, қараусыз қалдырмау ескертілді. Айта кетейік, биылғы жылдың өзінде Түркістан облысы полицейлері облыс бойынша бірнеше мал ұрлығына қатысы бар күдіктілерді құрықтап, барымташыларды ұстап, табылған малдарды заңды иелеріне қайтарды.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ