Шымкентті шахмат астанасына айналдырған бірқатар турнир өз мәресіне жетті
Биылғы күзде Шымкент шахмат астанасына айналды деуге болады. Қаламызда интеллектуалдар ойыны бойынша әлемдік және халықаралық байрақты бәсекелер өтіп жатыр. Айтулы жарыстардың бірқатары, яғни, 1-ші Ашық Шымкент Кубогы мен Қазақстан балалар кубогының 6-шы кезеңі өз мәресіне жетті.
Шымкенттік шахматшы Әбілмансұр Әбділхаир әлемдік гросммейстерлер қатысқан, байрақты бәсекеде жүлделі 3-ші орынға қол жеткізді. Жарысты сәтсіз бастаған жерлесіміз, доданың бел ортасынан ауған шақтан бастап, қарқын қамшылап 9 тур қорытындысы бойынша бес жарым ұпай жинады. Кіл үздіктер арасындағы турнирде 20 жасар Әбілмансұр әлемдік гроссмейстерлермен текетіресіп, терезесі тең ойын көрсетуге тырысты. «Жіберілген еселер мені мақсатыма жетелейді. Ал мақсатым – әлемдік гроссмейстер атану», деді шымкенттік спортшы.
Әбілмансұр Әбділхаир, шымкенттік шахматшы: «Гроссмейстерлік жарыс, сондықтан барлық ойыншылар мықты болды. Бірінші орын алған Панцулая Леваннан ұтылдым, Грузиядан. Және Қырғыстаннан Оразбаев Елдияр деген баладан ұтылдым. Ұйымдастыру жағынан барлығы жақсы. Осы барлық халықаралық турнирлер деңгейінде өтті».
Шаһарда өтіп жатқан жүлде қоры 3 млн. теңгені құрайтын екі бірдей жарыстың жеңімпаздары анықталды. Қазақстандық шахмат шеберлерін шыңдау үшін өткізілген 1-ші Ашық Шымкент Кубогында 4 әлемдік гроссмейстер және 6 отандық шахмат шеберлері бақ сынап, өзара мықтыны анықтады. Ал еліміздің әр аймағында жас шахматшыларды спортқа тарту үшін өткізілетін балалар кубогының кезекті кезеңінде 14 облыстан келген жас өрендер 4 санатқа топтасып, жеңімпаз атануға сайысты. Қазақстан шахмат федерациясы айтулы турнирлерді жоғары деңгейде өткізгені үшін Шымкент қалалық әкімдігіне зор алғыстарын білдірді.
Гүлмира Дәулетова, Қазақстан Шахмат федерациясының атқарушы директоры: «Осы гроссмейстерлер жарысында Грузия өкілі бірінші орын алып кетті. Леван Панцулая деген. Екінші орынды Алексеев Евгений – Израиль өкілі. Және үшінші орынды Қазақстаннан Шымкенттің тумасы Әбділхаир Әбілмансұр алды. Бұл өте үлкен жетістік. Балалар кубогынде 4 категориядан ұлдар және қыздар арасында жарыс өтті. Көптеген орындарды Шымкенттің өкілдері алды».
Қазақстан Балалар кубогында тұғырға шымкенттік өрендер көп көтерілгенімен, өзге облыстардан да жеңіске талпынғандар аз болмады. Соның бірі алматылық Алдияр Жарас. Ол 12 жасқа дейінгі балалар сынында 2-ші орынға табан тіреді. Талабы таудай өрен бұдан алдыңғы кезеңде бас жүлдені иеленген. Ендігі үміті ақтық сынға өтсем, дейді.
Алдияр Жарас, жас шахматшы: «Ең қиын партия мен үшін 8-турда Қажымұратов Әлтаирмен болды. Ол жалғыз ғана партия ұтылған. Тағы да Елемес Бибарыспен қиынға соқты. Менде онымен жеңіліс позициясы болған. Бірақ мен онымен тең есеп ұстай алдым».
Сонымен қатар айтулы турнирлер аясында Шымкент қаласындағы 90 мемлекеттік қызметкер қатысқан арнайы блиц турнирінің жеңімпаздары да марапатталды. Шахмат шаралары Шымкенттің төрінде өтіп жатқанына қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов алғысын айтып, қала үшін зор мәртебе екенін атап өтті. Және де осындай балалар кубогын жиі өткізуді дәстүрге айналдыру қажеттігін бұл инттелектуалға дендеген өрендер болашақ ел тұтқасын ұстайтын азаматтар болады деген пікірін білдірді.