Былтыр «Qamqor» бағдарламасы арқылы 150 адам баспаналы болған
Баспаналы болу – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Ресми дерек бойынша бүгінде Шымқалада 50 мыңнан астам адамның үйі жоқ екен. Мамандар тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесетін бағдарламалар туралы айтты. Соның бірі — өңірлік «Qamqor» бағдарламасы.
Бүгінде 50 мыңнан астам шымкенттіктің өз баспанасы жоқ. Бұл үй кезегінде тұрған азаматтардың саны ғана. Ал, не баспана кезегінде, не басында үйі жоқ халықтың саны белгісіз.
Көпжан Тулебаев, Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары:
«Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша 50 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Одан басқа қаншасы баспанасыз деген статистикалық мәлімет жоқ. Сондықтан қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды ғана қамту жоспарлануда»
Дегенмен, тұрғын үй кезегіне тұру бойынша арнайы санаттарға жатпайтын азаматтар төмен пайызбен ипотекаға пәтер ала алады. Ол үшін шымкенттіктер өңірлік «Qamqor» бағдарламасына қатысса жеткілікті. Осылайша мегаполистің жұмыс істейтін тұрғындары жеңілдетілген шарттармен баспаналы бола алады дейді жауаптылар.
Еркін Ахыншаев, Шымкент қаласы «Отбасы Банкі» АҚ директорының орынбасары:
«Qamqor бағдарламасына қатысатын мамандар ол: медицина саласы, білім саласы, спорт саласының қызметкерлері, төтенше жағдай қызметкерлері мен энергетика саласы қызметкерлері. Өтінім қабылдау 30 қыркүйекте басталып, 28 қарашаға дейін жалғасады. Нәтиже желтоқсан айында іріктеу жұмыстары біткеннен кейін белгілі болады. Өйткені әр қатысушыға ұпай беріледі. Отбасы жағдайы, Шымкент қаласында қанша жыл тұрып жатқандығы, жұмыс орнынан қанша жыл еңбек өтілі бар екені, бізде банкте қанша депозит жинағаны бойынша балл беріледі»
«Qamqor» бағдарламасына өтінімді отбасы банк.кз порталы арқылы қалдыруға болады. Ол үшін азаматтардың отбасы банкінде шоты болуы қажет немесе банк клиенті болуы шарт дейді мамандар. Ал бағдарлама қатысушыларына қойылатын басты талап мынадай:
«1. Қатысушы Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде болуы керек.
2. Үміткердің және отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда ҚР аумағында тұрғын үйі болмауы қажет.
3. Өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің, яғни жұбайы мен кәмелетке толмаған балаларының соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үйді иеліктен шығару фактілері болмауы керек.
4. Қатысушының Шымкент қаласында таңдаған сала бойынша соңғы 6 айдан кем емес ресми жұмыс өтілі болуы шарт»
«Qamqor» бағдарламасын қаржыландыруға 8 млрд теңге қарастырылған. Оның 5 млрд теңгесі әкімдік тарапынан болса, қалғанын Отбасы банк бөліп отыр. Жауаптылар несиенің жалпы соммасы туралы да айтып өтті.
Еркін Ахыншаев, Шымкент қаласы «Отбасы Банкі» АҚ директорының орынбасары:
«Жалпы несиенің соммасы 20 млн теңге, 6% беріледі. Бастапқы жарна 10% құрайды. Бұл бағларлама биылдыққа бірінші нарықтан үйді алуға мүмкіндік береді. Жолдама берілген кезде қатысушы үйді өзі таңдайды. Құрылыс компаниясына барады, компанияның талаптарын көреді. Үй салынып жатса, оны қарайды. Салынып жатқан үйге де бере береміз. Мысалы, егер де үй 25 жылдың күзінде бітетін болса, оған да бере береміз. Ол қатысушының өзінің құқығы»
Айта кетсек, былтыр «Qamqor» бағдарламасы арқылы 150 адам баспаналы болған. Ал, бүгінде бағдарламаға қатысуға ниеттілердің саны 2202 адамды құрап отыр. Мамандар шымкенттіктердің әлі де өтінім беруге мүмкіндігі бар дейді.