Шымкентте Республика күніне орай төрт мәдениет үйі ашылды

Республика күні қарсаңында Қайнарбұлақ, Көкбұлақ, Базарқақпа, және Өтеміс тұрғын алаптарында төрт жаңа мәдениет үйі салтанатты түрде ашылды. Жергілікті тұрғындардың өтініштерін ескерген қала әкімі нысандар құрылысын қолға алуды тапсырған болатын.

Мегаполис басшысы жаңа нысандардың ашылуына қатысып, маңыздылығына тоқтала отырып, тұрғындарды алдағы мереке-Республика күнімен құттықтады.

— Мәдениет үйлері түрлі іс шаралар ұйымдастыратын, бос уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік беретін орынға айналады.Мәдениет саласы — басым бағыттардың бірі. Мемлекет жаңа шығармашылық алаңдар құруды және дарынды жастарды қолдау жұмыстарын жалғастырады, — деді қала әкімі.

Сондай-ақ, мегаполис басшысы тұрғындарды оқуға, өнерге, спортқа және салауатты өмір салтын ұстануына, балаларды тәрбиелеуге көп көңіл бөлуге шақырды.

— Балалардың гаджеттерге жұмсайтын уақытын шектеу және олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау өте маңызды. Олармен бірге кітап оқып, пікір бөліскеніміз — болашағымыз үшін игі қадам — деді ол.

Өз кезегінде шымкенттіктер мегаполис басшысына өзекті мәселелерді шешіп, мәдени нысандарды қолға алғаны үшін алғыс білдірді.

ПІКІР ЖАЗУ