Еңбекші ауданындағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасады

Шымкент қаласының Еңбекші ауданында инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Бүгінде ауданның негізгі бөлігіндегі 29 шағынаудан мен тұрғын алаптар инженерлік жүйелермен қамтамасыз етілген. Тұрғындардың қолайлы өмір сүруі үшін аудан әкімінің аппараты маңызды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда. Бүгінде ауданда ауыз су- 97 пайыз, электр жарығы- 99,8 пайыз, табиғи газ- 90,7пайыз, кәріз жүйесі — 41пайыз, асфальт жолдар- 73,1 пайыз қамтылған. Бұл туралы Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек баяндады.

Еңбекші ауданының аумағы — 22 800 гектарды алып жатыр. Ауданда 228 830 тұрғын бар. Мұнда 18 тұрғын алап пен 11 шағынаудан орналасқан. Сондай-ақ 728 көше мен өткел, 2 саябақ, 3 гүлзар, 283 көпқабатты және 37 061 жеке тұрғын үй бар. 2022-2025 жылдарға арналған «Жол картасы» аясында қала әкімінің тапсырмасына сәйкес инфрақұрылым жүйелерін дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Келесі жылы «Жастар» көшесі мен «Қазығұрт» станциясы маңындағы 102 абонент және Оңтүстік-Жаңақұрылыс аймағындағы 989 абонент сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұл бағытта жобалау-сметалық құжаттаманы «Строительная группа «Архитектор» ЖШС әзірлеуде.

Еңбекші ауданының инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар тұрақты жалғасып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруда.
Сонымен қатар биыл ауданда спорт алаңшалары мен гүлзарлар салу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, алдағы жылға жаңа жобалар жоспарлануда. Бұл бастамалар аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға және салауатты өмір салтын қолдауға бағытталған. Қазіргі таңда Еңбекші ауданында 56 ашық спорт алаңшасы орналасқан. Былтыр аудан аумағында қосымша 7 спорт алаңшасы орнатылып, тұрғындардың пайдалануына берілді. Ал, 2024 жылға жоспарланған 8 ашық спорт алаңшасының 2-інде құрылыс жұмыстары басталып, қалған 6 нысан бойынша мемлекеттік сатып алу іс-шаралары жүргізілуде. Еңбекші ауданы әкімінің аппараты биылғы жылы қосымша 5 гүлзар салуды жоспарлап отыр. Бұл жобалар аясында мердігер мекемелермен келісім шарттар жасалып, жұмыс белсенді түрде жалғасатын болады.

Еңбекші ауданындағы спорт алаңшалары мен гүлзарлар салу жұмыстары аудан тұрғындарына қолайлы орта жасауға және олардың денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдар. Бұл жобалар алдағы жылдары да қарқынды түрде жалғасып, қала көркі мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруды көздейді.

ПІКІР ЖАЗУ