Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен ғылыми-практикалық конференция өтті

«Тағдыр маған ел басқаруды, халық үшін қам жеуді сыйлапты. Ондай сый алған адам өз отбасының мүддесінен гөрі ел, халық мүддесін жоғары қою керек. Ел басқару білгенге – мехнат, білмегенге қанағат».

Бұл – мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Үкіметін 13 жыл басқарған Нұртас Оңдасыновтың айтқан сөзі.

Бүгін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың 120 жылдығына арналған «Нұртас Оңдасынов – тарих және тұлға» атты ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Атаулы күнде оқу ордасының ғимаратының қасбетінде Н.Оңдасыновқа орнатылған мемориалдық тақтаның және университет қабырғасында Нұртас Оңдасынов атындағы аудиторияның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Еліміздің жеті қаласында кең көлемде қоғам қайраткерінің мәңгілік мұрасын жаңғыртып, ұлттың дамуына қосқан үлесін насихаттау мақсатында өткізіліп жатқан конференцияда «Ұлт қайраткері – Нұртас Оңдасынов» деректі фильмі көрсетілді.

Алғашқы болып сөз алған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың құттықтауын жеткізіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті ректорының м.а. Ғани Әбзелбекұлы Бесбаев ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатын оқып, Нұртас Оңдасыновтың қайраткерлігі мен еңбегі бүгінгі ұрпаққа үлгі екенін айтты.

ПІКІР ЖАЗУ