ІІМ-де Республика күні атап өтілді
Ішкі істер министрлігінде Республика күні атап өтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елдігіміз бен егемендігіміздің айқын көрінісі болған ұлттық мерекемен тәртіп сақшыларын ведомство басшысы құттықтады.
– Бұл күн – халықтың бірлігінің, ортақ тарихымыздың жетістіктерінің және болашаққа деген үмітіміздің символы. Мемлекет басшысы өз Жолдауында: “Заң мен тәртіп үстемдік етуі тиіс, сонда ғана әділетті, таза және қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз”, – деп атап өтті.
Заң мен тәртіп сақшылары ретінде қоғамда қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз ету бойынша біздің мойнымызға үлкен жауапкершілік жүктелген. Сіздердің күнделікті, кейде көзге ілінбейтін еңбектеріңіз – қауіпсіздік пен тыныштықтың кепілі, – деді министр Ержан Саденов.
Мерейлі мейрамға орай жанқиярлығы мен кәсібилігі, өз ісіне деген адалдығы жоғары бағаланған полиция қызметкерлері және Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне мемлекеттік және ведомстволық марапаттар табысталды. Министрліктегі мерекелік шараға қызмет пен сала ардагерлері қонақ болды. Ұлт рухын биікке жетелеген күннің өскелең ұрпақ үшін де маңызы зор. Салтанатты іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Өнерімен көрермен көңілінен орын алған Қайрат Нұртас және тағы да басқа эстрада жұлдыздары қонақтарды әсем әндерімен тербетті.