Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай театры жаңа маусымның шымылдығын премьерамен ашты

Бүгін Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының 56-шы маусымы ашылды. Жаңа маусым драматург Қолғанат Мұраттың «Ұстаз» әлеуметтік драмасының премьерасынан бастау алды. Заманауи тақырыпта жазылған пьесаны режиссер Д.Базарқұлов сахналады. Басты рөлді үлкен сахнаға өнерімен алғаш рет қадам басқан әртістер сомдады.

«Ұстаз» әлеуметтік драмасы жас ұстаздың қиянатқа қарсы күресін, өсіп келе жатқан жастардың әділеттілік үшін тартысын көрсетеді. Қазір қоғамда білім беру күшейгенмен жас ұрпақты тәрбиелеу тармағында кемшіліктер де баршылық. Оны мектепішілік балалар төбелесінен де, өзара тартысынан да байқауға болады. Сондықтан тәрбиеде мүлт кетпеуге, орны толмас өкініштердің алдын алуға шақырады.

Маусымның ашылуына орай театр әкімшілігі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Тілші сауалдарына театр директоры Орал Камал, көркемдік жетекші Ғалымжан Қаппаров, театр әртістері жауап берді. Театрдың өткен маусымда қойған спектакльдері мен гастрөлдік сапарлар және ертеңгі атқарылар жұмыс жоспарлары жөнінде толыққанды ақпарат берілді.

«Жетісай театры елімізде өзіндік шығармашылық қолтаңбасы бар, биік көркемдік дәрежедегі өнер шаңырағы екендігі анық. Оның дәлелі, 1978 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің №383 қаулысымен Жетісай қазақ – музыкалы драма театры Қазақ ССР-нің халық артисі, СССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қ.Жандарбековтың аты берілуі болатын. Бүкілодақтық театрлар байқауының екі рет дипломанты атанса, Алматыда өткен он күндіктің қорытындысы бойынша Қазақ ССР жоғарғы советінің «Құрмет грамотасымен» наградталды. Күні кешегідей көрінгенімен 56 жыл театр ұжымы үшін үлкен бір шығармашылық белес болып саналады» деп атап өтті театр басшысы.

Жетісай театры өз шымылдығын 1969 жылдың 18 қаңтарда қазақ әдебиетінің классигі Б.Майлиннің «Жалбыр» музыкалық драмасымен ашқан болатын. Режиссері Қасымхан Шанин, басты рөлде Жеңіс Қарғабаев ойнады. Театрдың ашылуы аудан көлемінде ғана емес, бүкіл оңтүстік өңірінде елеулі оқиға болды десек жаңылмаймыз.

Айта кетейік, премьера үш күнге жоспарланған. Қала қонақтары мен тұрғындары тамашалай алады. Аудан әкімдігінен, аудандық ардагерлер кеңесінен, білім ошақтарынан өкілдер келіп, театрдың жаңа маусымында ізгі тілектерін білдірді. Театр әртістері құттықтап келушілерге арнап әннен шашу шашты.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ