Өзге жүргізушілермен тең жазаланады: мопед иелері көлігін тіркеуге міндеттелді

Сондай-ақ қос дөңгелекті көлік құралы да жыл сайын техникалық байқаудан өткізілуі тиіс

Мопед жүргізушілері жол қозғалысы туралы заң күшіне енген соң 6 айдың ішінде көліктерін тіркеуге міндетті. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев қол қойған заң жобасы бойынша аталған қос дөңгелекті көлік құралын айдайтындардың жүргізуші куәлігі де болуға тиіс.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, елде 80 мыңнан аса мопед бар. Бірақ осыған дейін бұл көлік түрінің мемлекеттік тіркеу нөмірі болмайтындықтан, жүргізушісін анықтау мүмкін емес еді. Бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне әсер етті дейді тәртіп сақшылары. Дегенмен енді заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, мопед мінгісі келетін азаматтар міндетті түрде тіркеуден өтіп, сақтандыру рәсімдеуі қажет.

Қос дөңгелекті қозғалыс құралы иелерінен А1 кіші санатындағы жүргізуші куәлігі талап етіледі. “А” және “В” санатындағы куәлігі барларға мопед басқаруға жол ашық. Бірақ жүргізуші куәлігі жоқ қазақстандықтар мопед жүргізу мүмкіндігінен айрылады. Бұл шешім жолдағы қауіпсіздікті едәуір арттыруға сеп болмақ. Себебі, соңғы айларда айып тұрақтарындағы техниканың көптігінен ине шаншар орын табылмай, маңызды мәселеге айналған еді. Мәселен, Алматыдағы арнайы тұрақтың бірінде жол ережесін бұзған 1300-ден аса мопед қаңтарылып тұр.

“Бұл мопедтердің 99 пайызы жол-көлік оқиғасымен түскен. Мопед жүргізушілерінің жол-көлік оқиғасына тап болу себебі – жол ережесін сақтамауы, жол ережесін білмеуі. Көбіне жас балалардың жүргізіп жатуы себеп болады. Жүргізуші куәлігімен бар жүргізуші жол ережесін сақтайды деген үміттеміз”, – деді арнайы көлік тұрағының басшысы Ерлан Әлімжанов.

Аталған заң 2 айдан соң күшіне енеді. Ал мопед жүргізушілеріне тіркеуден өту үшін жарты жыл уақыт берілмек. Әйтпеген жағдайда бұл мопедтердің қозғалысы тоқтатылып, айыптұраққа жеткізілмек. Жаңа өзгерістер шеңберінде қос дөңгелекті көлік құралын да жыл сайын техникалық байқаудан өткізуі тиіс.

«Заң бойынша мопед жүргізушілер де механикалық көлік құралдарының жүргізушілері сияқты бірдей жауапкершілік қарастыратын болады. Егер мопед иесі жол жүрісі қағидаларын бұзатын болса толыққанды механикалық көлік құралдарының жүргізушілеріне қолданылатын жаза тағайындалады», – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Бір Алматының өзінде жыл басынан бері 743 жол-көлік оқиғасы кезінде 757 адам жарақат алып, тағы 14 азамат көз жұмған.

Айта кетейік, бұған дейін мопед иелері жол қозғалысының кез келген ережелерін бұзғаны үшін 7,5 мың теңге көлемінде ғана айыппұл төлейтін.

ПІКІР ЖАЗУ