Мемлекет басшысы мопед жүргізушілеріне арналған заңға қол қойды
16 жасқа толғандарға ғана мопед басқару құқығы беріледі.
Президент жол қауіпсіздігін цифрландыруға қатысты заңға қол қойды. Енді мопедтерді де міндетті түрде техникалық байқаудан өткізу қажет.
Бұған дейін ішкі істер министрлігі маңызды құжат күшіне енген сәттен бастап мопед жүргізушілеріне тіркелуге алты ай уақыт берілетінін айтқан болатын.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көлік құралдарының кейбір түрлерінің қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңға қол қойды.
ЗАҢҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Мемлекет басшысы көлік құралдарының кейбір түрлерінің қозғалысын ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды.
ЖАРТЫ ЖЫЛ УАҚЫТ БАР
Бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мопед жүргізушілеріне көлік құралдарын тіркеуге алты ай уақыт берілетінін айтқан.
“Қазір заңға қол қойылады, жарияланады, сол уақыттан бастап алты ай. Ертеңнен бастап тіркелуге болады. Бұл тіркеуді алты ай ішінде аяқтау керек. Құжаттары бар болса, неге бірден тіркелмеске? Әдетте, алты ай береміз, ал алтыншы айда тіркеле бастайды. Қол қойылғаннан кейін, шамамен бір ай ішінде біз құқықтық базаны әзірлеп, барлық бұйрықтарды дайындап, тіркелуге шақырамыз”, — деді Лепеха.
Вице-министрдің айтуынша, алты айдан кейін құқық қорғау органдары мопедті тіркеусіз ұстаса, оны бірден айып тұрағына жібереді. Жүргізуші көлікті тіркелгеннен кейін ғана ала алады. Алты ай ішінде айыппұлдар салынбайды.
МОПЕДТЕР ЖАЙЫНДА
Еске салайық, мәжіліс мопед жүргізушілерін жол қозғалысының толыққанды қатысушыларына теңестіретін өзгерістерді қабылдаған болатын.
ЕНДІ МІНДЕТТЕЛЕДІ
Мопед мінгісі келетін қазақстандықтар міндетті түрде уәкілетті органда тіркеуден өтіп, сақтандыру рәсімдеуі керек. Сонымен қатар, мопедті жыл сайын техникалық тексеруден өткізу қажет болады.
«А1» САНАТЫН АЛУЫ КЕРЕК
Маңызды жаңашылдық – мопед жүргізушілері «А1» санатындағы көлік құралын басқаруға құқық алуы тиіс. Бұл мәселені шешуге алты ай уақыт беріледі.
Осы ретте «А», «В» және «С» санаттары бар жүргізушілерге «А1» санаты автоматты түрде беріледі.
ЖОЛ АПАТТАРЫ КӨБЕЙГЕН
Бұған дейін мопед қатысқан жол апаттарында 27 адамның қаза тапқаны белгілі болған.
Тек тамыз айының өзінде алты мопед жүргізушісінің қайтыс болғаны туралы хабарлаған едік.