Құқық бұзушылар анықталып, жауапқа тартылды

Бүгінде елімізде «Қауіпсіз қоғам», «Заң және тәртіп» консолидациялық жобасы бойынша республикамызда қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу іс-шаралары өтуде. Түркістан өңірінің тәртіп сақшылары да бұл бағытта қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр.

60 ата-ана жауапқа тартылды

Түркістан облысының аумағында жедел-профилактикалық іс-шара өткізілген үш тәулік ішінде полиция қызметкерлері 680-нен астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, рейд нәтижесінде балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 60 ата-ана жауапқа тартылды.
Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуының 572 фактісі анықталды. Сондай-ақ жасөспірімдердің сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында болуының 21 фактісі, ұсақ бұзақылықтың 14 дерегі және қоғамдық орында мас күйінде болудың 3 фактісі анықталды.

Мәселен, Кентау қаласында заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22:00-ден кейін дәмханада болған жасөспірім анықталды. Мекеме иесі мен кәмелетке толмаған баланың ата-анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Құқық бұзушылық жасауға бейім 36 кәмелетке толмаған мен 25 қолайсыз отбасы профилактикалық есепке алынды.
Сонымен қатар жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру шеңберінде полицейлер оқу орындарында құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығы бойынша түсіндірме өткізуде.

400-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды

Түркістан облысы полиция департаментінің бастығының нұсқауына сәйкес, облыс аумағында 17-19 қыркүйек аралығында «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Оның мақсаты — жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу және болдырмау, түнгі уақытта ата-ананың бақылауынсыз үй-жайынан тыс жерлерде компьютерлік ойынханалар мен мейрамханаларда болуларына тыйым салу, бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтын ата-аналарды анықтап, тиісті шаралар қабылдау.
Түркістан облысының аумағында өткізілген жедел-профилактикалық іс-шараның екі күнінде ювеналдық полиция қызметкерлері 400-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 30-дан астам ата-ана жауапқа тартылды. Сондай-ақ түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуының 339 фактісі анықталды.

Сонымен қатар жасөспірімдердің кешкі сағат оннан кейін ойын-сауық орындарында болуының 13 фактісі, «ұсақ бұзақылық» — 14 және қоғамдық орында мас күйінде болуының 3 фактісі анықталды. Ішкі істер органдарында құқық бұзушылық жасауға бейім кәмелетке толмаған 31, сондай-ақ 14 қолайсыз отбасы профилактикалық есепке қойылды. Кәмелетке толмағандар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру шеңберінде полицейлер оқу орындарында құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қозғалысы заңдары мен ережелерін сақтаудың, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы туралы түсіндірме жүргізді. Өз кезегінде полицейлер азаматтарды профилактикалық іс-шараларға түсіністікпен қарауға, ал ата-аналарды кәмелетке толмаған балаларының мінез-құлқын бақылауға және оларды назардан тыс қалдырмауға шақырады.

27 мыңнан астам құқық бұзушы жауапқа тартылды

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Түркістан облысының полицейлері қоғамда кез келген құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділікті» қалыптастыруға, «Заң және тәртіп» қағидатын сақтауға және табиғатқа ұқыпты қарауға бағытталған профилактикалық іс-шараларды тұрақты жүргізіп келеді.

Бүгінгі таңда Түркістан облысы Полиция департаментінің қалалық және аудандық бөлімдерінің жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері абаттандыру ережелерін бұзудың алдын алу, жалпы пайдалану орындарын ластау, сондай-ақ белгіленбеген жерлерде қоқыс тастайтын немесе ағынды суларды төгетін адамдарды анықтау бойынша жұмыс атқаруда.
Нәтижесінде тәртіп сақшылары 27 000-нан астам құқық бұзушыны жауапқа тартты. Оның ішінде абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 6314, жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін – 16 731 және жолдарды ластаған 4155 бұзушыға қатысты тиісті шаралар қабылданып, хаттама толтырылды.

Сонымен қатар полицейлер жергілікті атқарушы органдармен және қоғамдық көмекшілермен бірлесіп, абаттандыру ережелерін бұзуға, жасыл желектерді зақымдауға және қоршаған ортаны қорғау қажеттілігіне жол бермеу туралы халыққа түсіндірме жүргізуде.
Өз кезегінде полиция қызметкерлері бұл іс-шара алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ азаматтарды өз қалаларын және туған өлкелерін абаттандыруға өз үлестерін қосуға шақырды.

Полиция бүкіләлемдік тазалық күніне қолдау көрсетті

Тәртіп сақшылары тазалықтың сақталуын қадағалап қана қоймай, өздері де тазарту ісіне белсене атсалысады. Сенбінің таңы атысымен қоршаған орта тазалығына бей-жай қарамайтын тәртіп сақшылары тазалық шараларын атқаруға сенбілікке шықты. Полиция департаментінің аппараты мен қалалық, аудандық полиция бөліністерінің қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақтарын тазалап, өз үлестерін қосты. Олар бірнеше сағат ішінде жұмыс орны мен оған жақын аумақтарды күл-қоқыс, тұрмыстық қалдықтардан тазартты, жасыл желектерді қопсытып, суғарып шықты.

Негізгі мақсат — жыл сайын қыркүйек айының 3 жексенбісі өтетін «Бүкіләлемдік тазалық күніне» қолдау білдіріп, қауырт жұмыстарынан уақыт тауып, табиғат жанашыры болу. Жұртшылық назарын қоршаған орта тазалығына, экологиялық өмір салтын ұстануға аудару.

Сенбілікке шыққан полицейлер: «Тазалық адамның ішкі мәдениетінің көрінісі. Біз өзіміздің, өз үйіміздің ғана емес, тұрып жатқан жеріміздің, жұмыс орнымыздың, қаламыздың, туған жеріміздің таза болуына да баса мән беруге дағдылануымыз керек», — дейді.

Ақпарат https://jasqazaq.kz/ сайтынан алынды

ПІКІР ЖАЗУ