«Зорлық зомбылық — қоғам қасіреті» кітап көрмесі ұйымдастырылды
Отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары болып тұратыны жасырын емес. Көпшілік бұл туралы ашық айта берсмейді. Сөйтіп «жабулы қазақ» күйінде қалады. Ал Қазақстан Республикасының Конституциясында «Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар» деп анық жазылған.
Осыны ескеріп, Созақ аудандық полиция бөлімінің әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы тобының инспекторы Айжан Манапова аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайында орналасқан балалар кітапханасында 26 кыркүйек күні «Зорлық зомбылық — қоғам қасіреті» атты кітап көрмесімен танысып, кітапхана қызметкерлеріне қоғамдағы зорлық зомбылық туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Бұл көрме қоғамдағы зорлық-зомбылықтың жолын кесуде халықты сауаттандыру, жәбірленушілерге ақпараттық көмек көрсету мақсатын көздеді. «Заң және заман», «Заң» басылымдарындағы арнайы сала мамандарының зорлық-зомбылықты болдырмау, болған жағдайда қандай заң орындарына жүгіну қажеттілігі жөнінде мақалаларын талқылай отырып, буллингке ұшыраған жандарға көрсетілетін алғашқы көмек жайлы да мағлұматтар беріп өтті.
Балалар кітапханасының меңгерушісі Ғалия Маймақова мен кітапханашылар Гүлім Амангелді, Назерке Абдуллаева өздерінің құқықтық білімдерінің жетілдіргеніне полиция инспекторына алғыс білдіріп, алдағы уақытта тығыз байланыста жұмыс жүргізуге уағдаласты.