«Құқықтық көмек» жобасы қоғам игілігіне қызмет етеді
Мемлекет басшысы соңғы бес жылда елімізде ауқымды реформалар жүзеге асқанын, нәтижесінде, саяси жүйеде түбегейлі өзгерістер орын алғанын, жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып, халықтың құқықтық мәдениеті артып келе жатқанын Қазақстан халқына арнаған кешегі Жолдауында айтқаны белгілі. Қоғамдық санада жаңа құндылықтар жүйесін түзіп жатқан Әділетті Қазақстанда, қоғам мен билік арасында мүлде жаңа мазмұндағы қарым-қатынас мәдениеті қалыптасқанын жеткізген болатын.
Қоғам мен мемлекет игілігі үшін қызмет атқаратын «AMANAT» партиясында, сайлаушылардың талаптарын тыңдау мен оларды бұлжытпай орындауға басымдық беріліп, партиялық құрылымдарда азаматтар үшін пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі қалыптастырылды және түрлі диалог алаңдары пайда болды. Соның ішінде, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің және «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың бастамасымен, азаматтардың құқықтық тұрғыдағы сұраныстарына кәсіби заңгерлік көмек көрсету мақсатында «Құқықтық көмек» жобасы партия беделін арттырған іргелі кері байланыс арнасына айналды.
Осы жоба шеңберінде, партияның Түркістан облыстық филиалында бүгін кезекті тақырыптық қоғамдық қабылдау өтті. «Құқықтық көмектің» бұл жолғы мазмұны азаматтардың тұрғын үй-коммуналдық шарушылық мәселелеріне қатысты өтініштерін қарауға арналып, партия көмегіне жүгінген жұртшылыққа тұрғын үй қатынастары саласы бойынша, коммуналдық қызмет алу, көшелерді жарықтандыру, қоғамдық көпшілік орындарды күтіп-ұстау, спорт және ойын алаңшаларын құру мәселелері жөнінен кәсіби заңгерлік көмектер көрсетіліп, кеңестер берілді.
Партия құрылымдарына және мемлекеттік органдарға жеке азаматтардан келіп түсетін өтініштердің басым бөлігін – қоғамның күнделікті тұрмыс-тіршілігін қамтитын осы мәселелер құрайды. Сайлаушыларымыздың талап-тілегін тап басып, халықтың шын мәніндегі қажеттілігін ескеріп, жұмыс жүргізетін болсақ, қоғамда әлеуметтік әділеттілік принциптерінің нық орнығуына жәрдемші боламыз деген сенімдеміз.
Бүгінгі қабылдауымызға қатысып, тұрғындардың өтініштерін қарауға қатысты баршамызға ортақ жұмыстың бірыңғай экожүйесін қалыптастыруға жәрдемші болған Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының жауапты өкілдеріне, Түркістан қаласы әкімдігінің қызметкерлеріне, «QаzaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалының және «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Түркістан қалалық филиалының өкілдеріне, құқықтық көмек көрсеткен кәсіби заңгерлерге, адвокаттарға, жеке сот орындаушыларға алғысымды білдіріп, ризашылығымды жеткіземін.
Мемлекет басшысы айтқан әділдік пен заңның үстемдік құруы – қоғам болып бірлесе атқаратын маңызды міндет. Партиямыздың Түркістан облыстық филиалы мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын арттыруды әрі қарай да жүйелі жалғастыра беретін болады.