Әлеуметтік маңызы бар мәселелер ерекше бақылауымызда

Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретіні айтылған болатын. Осы орайда, әлеуметтік саланың маңызды тармақтары болып саналатын жұмыспен қамту, әлеуметтік қызметтердің сапасы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қолдау мәселелері жөніндегі кеңестің кезекті отырысында қаралды.

Кеңес отырысына партияның өңірлік филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева қатысып, Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған 9 негізгі бағыттың маңыздылығына тоқталды. Соның ішінде Әділетті мемлекеттің қалыптасуында іргелі қадам жасалғанын айтып, АЭС салу бойынша жалпыхалықтық референдумның жариялануы – әрбір азаматтың үнін естіп, ұстанымын ескеруді білдіреді деп мәлімдеді.

«Азаматтарға таңдау еркін беру – жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруда. Реформалар арқылы елге жанашыр шынайы азаматтық қоғам қалыптасып отыр. Атом энергетикасын дамыту – дәуір талабы, өмірлік қажеттілік екенін бүкіл қоғам түсініп отыр», – деді Қалыйма Жантөреқызы.

Жиынның күн тәртібіне қойылған мәселелер өте өзекті екенін партия филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қолдау мәселелері жөніндегі кеңестің төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай айтып өтті. Қоғамда еңбекқорлық дәстүрін қалыптастыру, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, азаматтардың кәсібилік қасиетін әділ бағалау сынды мәселелер Мемлекет басшысы жария еткен саяси құжатта маңызды орын алғандығына тоқталды.

Партияның Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасында жұмыс орындарын құру бағытында айқындалған міндеттердің орындалуы бойынша Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева хабарлама жасады.

Басқарма басшысы 2023 жылдың қорытындысымен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2024 жылдың 2-ші тоқсанындағы статитикалық есеппен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі 5,0%-дан 4,8%-ға төмендегенін айтты. Ал, жастар санатындағы жұмыссыздық деңгейі 2,8%-дан 1,9%-ға азайғанын мәлімдеді.

Облысымызда жұмыспен қамту саласы бойынша 7 индикаторлық көрсеткіш енгізілгенін атап өтті. Биылғы жылы «Өңірдің жұмыспен қамту картасы» аясында 118,9 мың жұмыс орындарын ашу жоспарланғанын айта отырып, қыркүйек айындағы жағдай бойынша 78,8 мың адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылғанын жеткізді.

Түркістан облсындағы әлеуметтік қызмет көрсету орындарының қазіргі жай күйі жөнінде баяндаған Әсия Құралқызы, облыс бойынша 99 296 мүгедектігі бар адам есепке алынғанын айтып, оның 84 мыңнан астамы – ересек азаматтар екенін жеткізді. Мүмкіндігі шектеулі балалардың саны 15 мың адамнан асатынын атап өтті.

Әлеуметтік қорғау саласында стационарлық және жартылай стационарлық жағдайларда көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтер алуға құқылы 34 370 мүгедек тіркеуге алынғанын жеткізді. Олар басқармаға қарасты 13 әлеуметтік мекемеде қызмет алатынын айтып, әр мекеменің қазіргі ахуалы жөнінде толық ақпарат берді.

Жиын қорытындысымен Кеңес мүшелері күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша бірқатар ұсыныстар білдіріп, олар отырыстың қорытынды құжатына енгізілетін болды.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ