Халықтық штаб өз жұмысын атқаруда
Бүгінде электр энергия жетіспеушілігі экономиканың, ауыл шаруашылығының дамуына, ірі өнеркәсіптік нысандардың ашылуына және тағы басқа салаларға кедергі келтіруде. Осы және өзге де мәселелер АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелерінің Түркістан облысы активімен кездесуінде айтылды.
Электр энергия тапшылығы еліміздің оңтүстік өңірлерінде айрықша сезіледі, былтырғы қорытынды бойынша дефицит 3,1 млрд кВт/сағ құрады. Салыстыру үшін айта кетсек, орташа есеппен 100 мың тұрғыны бар бір қала 700 млн кВт/сағ тұтынады. Бұл – бизнес субъектілері мен өнеркәсіптік кәсіпорындарды есепке алмағанда тек үй шаруашылықтары ғана тұтынатын энергия. Электр энергия жетіспеушілігі Ресейден жеткізу есебінен жабылады. Былтыр жоғары инфрақұрылымдық шығындар есебінен шамамен 100 миллиард теңге төленді. Болашақта бұл шығын көлемі тек арта бермек.
Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов атап өткендей, таза, сарқылмас қуат көздерін іздеу керек. Бір ақиқат бар: қазір атом энергиясына балама жоқ.
«Қазақстанда атом электр станциясын салу – бүгінгі күннің шындығынан, бүгінгі күннің сұранысынан туған бастама. АЭС экономиканың драйверіне, қозғаушы күшіне айналады. Жоғары білікті және жоғары жалақы төленетін мыңдаған жаңа жұмыс орындары пайда болады. АЭС құрылысы оның айналасындағы инфрақұрылымды дамытатыны айтпаса да түсінікті: жаңа жолдар, мектептер, ауруханалар және тұрғын үйлер салынады», – деді ол.
Сонымен қатар, АЭС құрылысы мультипликативті әсер береді. Мәселен, жобаны іске асыру кезеңінде 8 мыңға жуық жұмыс орны құрылса, стансаның жұмысы кезінде 2 мың адам жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, АЭС-тегі әрбір жұмыс ілеспе салаларда 10-ға дейін жұмыс орнын ашады, бұл еңбек нарығына айтарлықтай оң әсер етеді. Дәл сол жерде қазақстандық жастар жұмыс тауып, мансабын жоғарылата алады.