«Miras» алаңында сенім, үміт, болашақ мәселелері қозғалды

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «MIRAS» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі кеңестің отырысында ел өмірінде елеулі оқиға саналатын – атом электр станциясын салу мәселесі бойынша өткізілген жалпыхалықтық референдумның қорытынды нәтижелері сараланып, мемлекеттік және стратегиялық мәні бар мәселенің қоғамды ұйыстырудағы рөлі сөз болды.

Жиынды ашып, жүргізген партияның өңірлік филиалы атқарушы хатышысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева «MIRAS» кеңесінің түпкі миссиясы – ел ауқымында жүріп жатқан өзгерістерге байланысты сарапшылық пікір білдіру алаңы болып табылатынын мәлімдеп, 6 қазада қазақстандықтар еліміздің алдағы орнықты дамуы үшін таңдау жасағанын білдірді. Еркін форматта өтіп жатқан басқосуда, түркістандық қоғамның белсенді азаматтық ұстанымы бар ортасы ретінде айқындалған кеңес мүшелері өткізілген науқанға байланысты эксперттік пікір білдіруге шақырды.

«Мемлекет басшысы 2-ші қыркүйекте Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнағанын жақсы білесіздер. Алдағы дамуымыздың бағдарын белгілейтін осы басты саяси құжатта 9 негізгі басымдықты айқындап берді. Соның ішінде атом энергетикасын дамытудың маңызын айтып, түпкілікті шешімді Қазақстан халқы қабылдайтынын мәлімдеді. Облысымызда құрылған Халықтық штаб өкілдері барлық аудан, қалада, ең ірі деген елді мекендерде 611 түсіндіру жиындарын өткізді. Солардың бірқатарына өздеріңіз де қатыстыңыздар. 4 ірі топта жұмыс атқарған түсіндіру топтарының құрамына АЭС мәселесі бойынша сала мамандарын, энергетик, эколог, физик, ғылыми орта өкілдерін көптеп тарттық. Дәйекті дәлелдер, орнықты тұжырымдар, ғылыми негізделген пайымдаулар туралы халыққа шынайы ақпарат жетуінің нәтижесінде, референдумға қатысып, азаматтық таңдауын жасаған азаматтарымыздың үлесінде атом энергетикасын дамытуға сенім артқандар қатары көп болғанын көрдіңіздер. Бұл баршамыз бірігіп атқарған жұмыстың нәтижесі», – деді Қалыйма Жантөреқызы

Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, журналист, сазгер, кеңес мүшесі Бекжігіт Сердәлі елдің болашағына байланысты маңызды таңдау жасауда халық арасындағы түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргенін айтты. Референдум өтеді деген ақпарат тараған кезден бастап, қоғамдық пікір шын мәнінде екіге жарылғанын мәлімдеді. «Семей зардабын ұмыта қоймаған жұртшылық АЭС салу мәселесіне келгенде үрке қарайтыны белгілі болып қалды. Бірақ халық нағыз кәсіби пікірлерді, ғалымдар айтып жатқан мағлұматтарды білген сайын, атомды бейбіт мақсатта қолданудың мүмкіндігі кең екенін түсінді», – деп сөзін түйіндеген Бекжігіт Сердәлі «MIRAS» кеңесінің мүшелігіне техникалық мамамандық иелерін де тартудың маңыздылығын айтты.

Сөз тізгінін алып, пікір білдірген «Turkistan Media Holdig»-тің басқарушы директоры Тельман Бейсенов Қазақстанда атомды бейбіт мақсатта пайдаланудың тетігі бұрыннан қалыптасқанын жеткізді. 1968 жылдан бері қызмет атқарған Маңғыстау атом энергетикалық комбинатын (МАЭК) мысал ретінде келтіріп, Маңғыстау өңірін электр энергиясымен жылу қуатымен қамтып, теңіз суын ауыз су ретінде тұтынуға мүмкіндік беретін су тазарту жүйесі түзілгенін мәлімдеді. Осы энергокешеннің арқасында Маңғыстау өңірі бүгінде өндірістік аймаққа айналғанын, мұнайлы өлке мәртебесін иеленіп әлемдегі ең ықпалды инвесторлардың өзі осы аймаққа қызығатынын түсіндіріп өтті.

Жиында қаралған мәселе бойынша Халықаралық туризм және меймандостық университетінің доценті Сәбит Баймағанбетов, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков, Түркістан музыкалық драма театрының директоры Әлімхан Мырзахан, Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Археология ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Мэлс Бақтыбаев пікірлерін білдірді.

Кеңес отырысын қорытындылаған партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева Астана қаласында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумы жөнінде мағлұмат берді. Форум аясында Қазақстан Республикасы Премъер-министрінің орынбасары Қанат Алдабергенұлы Бозымбаевтың қатысуымен панельдік сессия жиындары өткенін хабарлады. Министрлер мен ведомство басшылары қатысқан жиында облыс тарихында орны бар Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының бүгінгі аянышты күйін жеткізгенін, ежелден білім мен руханияттың шамшырағы болған Түркістан төрінде арнайы балалар кітапханасын салу мәселесін көтергенін атап өтті. «MIRAS» кеңесінің мүшелері ұсыныстың орынды болғанына назар аударып, руханиятты жоғалтуға емес, керісінше түгендеуге жұмыс істеу – Түркістанның нағыз миссиясы сол боларына сенімдерін білдірді.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

 

ПІКІР ЖАЗУ