«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы «Таза бейсенбі» апталығын Бәйдібек ауданында өткізді
Мемлекет басшысы туған елге жанашырлық – маңызды құндылық болып табылатынын айтты. Жуырда өткен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында Қазақстан Республикасының Президенті экология мәселесіне айрықша мән беретініне назар аударып, тазалық алдымен халқымыздың әдетіне, сосын қанға сіңген қасиетіне айналуы қажет екенін айқындады.
Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жобасын Түркістан облысының тұрғындары белсенді түрде жалғастырып келеді. «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы халқымызды ортақ мақсатқа ұйыстырған осы бастама шеңберіндегі «Таза бейсенбі» апталығын бүгін Бәйдібек ауданында өткізді.
Қасиетті Қаратаудың қойнауында оңтүстіктегі бірегей тарихи және тағзым орны – ұлт анасы деп танылған Домалақ анамыздың бейіті жатыр. Қазақ халқының қалыптасу тарихының бастауында тұрған әйгілі Бәйдібек бабамыздың үшінші әйелі болған Нұрила анамызды адамгершілігі, әдептілігі, парасаттылығы мен шыншылдығының арқасында жұртшылық оны «Домалақ ана» деп танып, тарихқа осы есімімен енген.
Бастапқы кесененің негізі ХІ ғасырда қаланып, 12 метр биіктікке дейін сегіз жапырақты болып қаланып, негізгі бөлігінің үстіне күмбез қойылған. Жылдар жылжып, ғасырлар сырғып өткен сайын кесене-күмбез жаңғыртылып отырған. Тағзым орны 1998-2000 жылдары ауқымды жаңарту жұмыстарынан өтіп, айналасы абаттандырылған. Қазір кесене аумағы жасыл желекке оранып, нысанның тарихи және туристік мазмұнын айшықтап тұр.
Тарихымызда жарқын ізі қалған, сан мыңдаған ұрпағын мейірім-шапағатқа бөлеп отырған абыз анамыздың рухына тағзым етіп бүгін бір топ аманаттық өкілдер қасиетті орынға табан тіреді. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Бәйдібек аудандық мәслихатының төрағасы Имангелді Түймебаев, аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Ақбала Құлымбет, аудан әкімдігінің жауапті өкілдері, бастауыш партия ұйымдарының белсенділері, елге жанашыр азаматтар жиылып, кесене аумағында күзгі тазалық жұмыстарын жүргізді. Шежірелі аймақты шырайлы мекенге айналдырып тұрған баудың құраған ағаштарын жинап, тал-терекке су жеткізетін арықтарды тазалады.
«Таза Бейсенбі» жобасы басталғалы бері акциямызға 12 мыңнан астам адам қатысып, 243 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылды. Партияластарымыз аталған акцияға жаңа леп беріп, облысымыздың тарихи-мәдени орындарында өткізуді қолға алды. Біздің партияластар бұған дейін, аталған акцияны «Қожа Ахмет Яссауи», «Ақбура», «Ысмайл ата», «Гауһар ана», «Мұңлық-Зарлық» кесенелерінің аумағында, «Кеме қалған» монументі мен «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» әулиесінде өткізсе, бүгін өздеріңізбен өзгені де баласындай көріп, төңірегіне аналық мейірін шашқан, айтар сөзі ақиқатқа айналған «Домалақ анамыздың» кесенесінде тазылық жұмыстарын атқаруға жиылып отырмыз», – деді жобаның мән-маңызын түсіндіріп өткен Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Облыс аумағында тазалықты өмір салтына айналдыруда партиямыздың өңірлік филиалы мұндай ізгілікті істерді алдағы уақытта да үзбей жалғастырып, қоғамда жаңа мәдениеттің қалыптасуына үлесін қоса беретін болады.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі