Мал ұрлығы, қару, насыбай: Түркістан облысының полицейлері 1 аптада бірнеше қылмысты ашты

Сайрам ауданының тұрғынынан насыбай әзірлейтін 15 тонна шикізат пен дайын темекі заты бар 40 қап және 3 қолдан жасалған станок тәркіленді. Бұл туралы облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов мәлімдеді.

Түркістан облысы полиция департаментінің жедел уәкілдері бірқатар қылмыс пен құқық бұзушылықты анықтады. Атап айтар болсақ, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері Келес ауданында мал ұрлығымен айналысқан күдіктілерді қолға түсірді. Үш жергілікті тұрғын мен сатып алушы қамауға алынды. Олардың мал ұрлығының 3 фактісіне қатысы бар екені белгілі болды. Күдіктілерден ірі қара мен «Hyundai» маркалы автокөлік тәркіленді.

Ал, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жасырын насыбай өндіріп келген Сайрам ауданының тұрғынын ұстады. Оның үйінен «насыбай» өндіретін цех табылды. Сондай-ақ «насыбай» өндіруге арналған 15 тонна шикізат пен дайын темекі заты бар 40 қап және 3 қолдан жасалған станок тәркіленді.

Сонымен қатар ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Сауран ауданында қиыршық тасты заңсыз өндірумен айналысатын адамдар тобын құрықтады. Құқық бұзушылардың екі жүк көлігі мен жүк тиегіші айыппұл тұрағына қойылды.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Түркістан қаласында «синтетикалық есірткілерді» сақтау мен өткізу фактісінің жолын кесті. Жедел уәкілдер күдікті ретінде Алматы қаласының тұрғынын ұстады, одан 3 есірткі орамасы тәркіленді. Күдіктінің жасырып кеткен 25 дана есірткілері де дер кезінде табылды. Адам денсаулығына қауіп төндіретін аса зиян синтетикалық препараттың жалпы салмағы шамамен 50 грамм құрайтын «мефедрон» болып шықты.

Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ордабасы ауданында ірі көлемде есірткі заттарын сақтаған күдіктіні ұстады. Оны тінту кезінде жалпы салмағы 9 келіге жуық «марихуананы» тәркіленді.

Сонымен қатар полицейлер Түлкібас ауданының тұрғынынан пистолет пен 15 оқ-дәрі тәркіледі.

«Қазіргі уақытта барлық факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіліп жатыр. Түркістан облысының аумағында қылмыстарды ашу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда», – деді полиция полковнигі Құрманбек Сахов.

ПІКІР ЖАЗУ