Атом электр станциясы жобасының маңыздылығы мен оның ел экономикасына тигізер пайдасы кеңінен талқыланды

Атом электр станциясы жобасының маңыздылығы мен оның ел экономикасына тигізер пайдасы кеңінен талқыланды.
Отырыс барысында АЭС-ке қатысты ресми ақпараттар да айтылды. «Amanat» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Экологиялық кеңестің отырысы өтті.

Жиынға партияның қалалық филиалының Атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Экологиялық кеңестің төрағасы Жеңіс Тұрғанов және кеңес мүшелері, жас экологтар мен бастауыш партия ұйымының өкілдері қатысты. Отырыс барысында атом электр станциясы жобасының маңыздылығы мен оның ел экономикасына тигізер пайдасы кеңінен талқыланды. Ербол Байқонысов жиынға төрағалық етіп, атом энергетикасы секторын трансформациялаудың маңызды кезеңінде тұрғанымызды атап өтті.

«АЭС құрылысы – Қазақстанның ұзақ мерзімді табысты дамуының кепілі. Барлық озық ойлы тұлғалар атом энергетикасының тиімділігін жақсы түсінеді. Бұл – қауіпсіз, сенімді және экологиялық таза жоба. Біз үлкен таңдау алдында тұрмыз», – деді ол.

Экологиялық кеңестің төрағасы Жеңіс Тұрғанов қоғамда АЭС жобасына байланысты түрлі қауесеттердің тарап жүргенін атап өтті. Ол сондай-ақ, тақырыпқа қатысты туындаған сауалдарға нағыз мамандардан ғылыми дәлме-дәл жауап алу қажеттігін айтты.

«АЭС-тің қоршаған ортаға зиянды екендігі туралы пікірлер бар. Алайда, мамандар АЭС-тің тоқ өндірудің ең тиімді және экологиялық тұрғыда таза тәсілі екенін дәлелдеді», – деді Жеңіс Тұрғанов.

Отырыс барысында АЭС-ке қатысты ресми ақпараттар да айтылды. Қазіргі таңда 30-дан астам елде 415 реактор жұмыс істеп тұр, оның көпшілігі АҚШ, Қытай, Ресей, Франция сияқты дамыған елдерде орналасқан. Ербол Байқонысов

«Егер АЭС шынымен қауіпті болса, дамыған елдер мұндай станцияларды салмас еді. Керісінше, олар экономикасын дамытып, озық елдерге айналып отыр», – деп ойын түйіндеді.

Одан бөлек, АЭС жобасының құрылыс кезеңі мен технологиялық аспектілері де талқыланды. Жиын соңында қатысушылар атом энергетикасының болашағы, қауіпсіздігі және экологиялық жауапкершілігі туралы пікір алмасты. Азаматтар АЭС жобасына қатысты көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.

https://ernur.kz/shymkent/atom-elektr-stantsiyasy-zhobasynyn-manyzdylyghy-men-onyn-el-ekonomikasyna-tigizer-paidasy-keninen-talkylandy

ПІКІР ЖАЗУ