Түркістан: Бір күнде екі сарбаздар командасы әскерге аттанды

Түркістан қаласы жастар ресурстық орталығының амфитеатрында ҚР Қарулы күштері қатарына алғашқы 40 жас өрен мен ҰҚК Шекара қызметінің шекті командасы қатарына 30 ер-баланы салтанатты түрде шығарып салу рәсімі ұйымдастырылды. 

Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық қорғаныс істері жөніндегі Департаменті бастығының орынбасары подполковник Жандос Күлдербаев, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Түркістан облысы бойынша департаменті бастығының лауазымдық міндетін уақытша атқарушы подполковник Дулат Алдербаев, әскери сала мен соғыс қимылдарына қатысқан ардагерлер, жас сарбаздардың туыстары мен жақындары, “Жас сарбаз” әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.

Жаңадан Отан қорғаушылар атанғадар үшін облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сөз сөйледі. Ол әскердегі қызмет – әрбір азаматтың қасиетті борышы және әрбір қазақстандық отбасының тыныштығының кепілі екенін атап өтті, сондай-ақ жас сарбаздар буынына сәттілік тіледі.

– Сарбаз болып сапқа тұрып, қару алу, әскери борышын орындау – әрбір  ер адам үшін үлкен мәртебе. Сіздер біздің еліміздің бейбітшілігі мен жеріміздің тұтастығын сақтауға жанқиярлықпен қызмет ететін батыл жауынгер болатындарыңызға сенеміз. Әскери борышты абыроймен орындап, аман-есен оралыңыздар! – деді Ертай Кенжебекұлы.

Сондай-ақ, Қарулы Күштер ардагерлері облыстық кеңесінің төрағасы запастағы подполковник Бабай Алдабергенов әскерге шақырылушыларға ақ жол тілеп, елдің қауіпсіздігін сақтау оның әрбір азаматының аса маңызды міндеті екенін атап өтті.

Қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары подполковник Жандос Күлдербаевтың айтуынша, бүгінгі күні ҰҚК Шекара қызметіне күзгі шақыру жоспарына сәйкес обоыстан медициналық және психологиялық комиссиядан өткен 300-ден астам әскерге шақырылушы жіберілді. Бұдан басқа, бүгіннен бастап Қарулы Күштер қатарына әскерге шақыру жасындағы 1000-нан астам азамат шақырылады. Ал күзгі шақыру науқаны осы жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.

– Салтанатты шығарып салу сарбаздар мен олардың ата-аналарына қолдау көрсету үшін ұйымдастырылады. Біздің 40 сарбазымыз Ақтау қаласындағы жаяу-теңіз әскерінінің бригадасында қызмет етуге кетіп жатыр. Ал 30 ұлымыз ҰҚК Шекара қызметі Маңғыстау облысындағы департаменті жағалау күзету басқармасына аттануда. Басында олар бір айлық алғашқы әскери дайындық аурсынан өтеді, онда оларға әскери істің негіздерін үйретеді. Біздің еліміздің қазіргі армиясында мерзімді әскери қызмет өткеру үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Әскери қызмет тек бір жылды құрайды және байқалмай өтіп кетеді, ал аяқталғаннан кейін әр сарбаз еліміздің жоғары оқу орындарына тегін түсуге немесе келісімшартқа қол қойып, кәсіби әскери болуға мүмкіндік алады, – деп қорытындылады Жандос Күлдербаев. 

Шақыру науқанының жоспарына сәйкес бірінші кезекте ҰҚК Шекара қызметінің бөлімшелері, Мемлекеттік күзет қызметі, содан кейін – Қарулы Күштердің әскери бөлімдері, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы жасақталатынын атап өткен жөн. Ал төрт айдың ішінде Түркістан облысынан 18-27 жас аралығындағы 2500-ден астам азамат әскер қатарына шақырылады. 

ПІКІР ЖАЗУ