Астанада грэпплингтен Әлем чемпионаты өтуде

2024 жылдың 7-12 қазан күндері аралығында Астана қаласында түрлі салмақ дәрежесінде грэпплингтен Әлем чемпионаты бастау алды. Жарыстың ресми ашылуы 11 қазан күніне жоспарланған.
«Ж.Үшкемпіров» атындағы жекпе-жек сарайында ересектер (ерлер, әйелдер), жасөспірімдер, юниорлар, жастар және ардагерлер арасында өтетін чемпионатта 31 мемлекет қатысып, 1000-ға жуық спортшы бақ сынайтын болады. Атап айтқанда, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Канада, Франция, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б. мемлекеттер.
Қазақстандық көрермендер үшін бұл әлем чемпионатын көзбе-көз көруге мүмкіндік алып, чемпиондық атақ үшін күресте тартысты ойындарды тамашалай алады.
Әлем чемпионатындағы қатысушылар әр салмақ дәрежесінде 2 спортшы қатыса алса, ардагерлер арасындағы спортшыларға шектеу қойылмаған.
Жарыстың әділ және ашық өтуін қамтамасыз ету мақсатында халықаралық төрешілер мен UWW қызметкерлері қатысады. Қатысушыларды ресми тіркеу ағымдағы жылдың 20 қыркүйек күніне дейін жүргізіліп, әр спортшының United World Wrestling лицензиясы болуы қамтамасыз етілген.
Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша жеңімпаздарға медаль, диплом және басқа да марапат түрлері табысталатын болады.

ПІКІР ЖАЗУ