Полиция күзет қызметімен қауіпсіздік шараларына жұмылдырылды
Облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция тәулік бойы қызметте. Аптаның демалыс күндері профилактика тіптен күшейтіліп, рейд жүргізіледі.
Өткен аптадағы жұмыс барысында полиция қоғамдық орындарда және көшелерде жаяу патрульдеу санын көбейтіп, жеке күзет құрылымдарын тарта отырып қызметке түсті. Яғни полиция мен күзет ұйымдарының қызметкерлеріне саптық жиын өтіп, жұмыс барысы түсіндірілді. Жұмыс тобына Түркістан қаласы аумағы, оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету тапсырылды. Осылайша Түркістан облысы Полиция департаментінің Күзет қызметін бақылау бөлімінің жеке күзет ұйымдарымен жасасқан екіжақты меморандум іске асырылды. Жергілікті полиция қызметі, патрульдік полиция қызметкерлерімен қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстардың алдын алу мақсатында адам көп шоғырланатын жерлерде жеке күзет ұйымдарының жедел әрекет ету тобы жұма, сенбі, жексенбі күндері қызмет атқарды.
Нақтырақ айтсақ, облыс аумағында қызмет атқаратын жедел әрекет ету топтары бар 20 жеке күзет ұйымымен Түркістан облысының барлық қала, аудандарында осы профилактикалық іс-шара тұрақты түрде қолға алынды.
«Бұл іс-шарамыздың басты мақсаты-тұрғындар тыныштығын қамтамасыз етуде тиісті құрылым қызметкерлері бірлесіп, оң нәтижеге қол жеткізу. Заңдылық пен тәртіпке бой ұсынатын қоғам қалыптастыру», -деп атап өтті Полиция департаментінің Күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы Есенәлі Сенбиев.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі