Түркістан облысында полицейлер екі күн ішінде 400-ден астам құқық бұзушылықты анықтады

Түркістан облысының аумағында өткізілген жедел-профилактикалық іс-шараның екі күнінде ювеналды полиция қызметкерлері 400-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 30-дан астам ата-ана жауапөа тартылды. Сондай-ақ түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуының 339 фактісі анықталды.

Сонымен қатар жасөспірімдердің түнгі сағат 22:00 – ден кейін ойын-сауық орындарында болуының 13 фактісі, “ұсақ бұзақылықтың” 14 жағдайы және қоғамдық орында мас күйінде болуының 3 фактісі анықталды.Ішкі істер органдарында құқық бұзушылық жасауға бейім 31 кәмелетке толмаған және 14 қолайсыз отбасы профилактикалық есепке қойылды.

Кәмелетке толмағандар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру шеңберінде полицейлер оқу орындарында құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қозғалысы заңдары мен ережелерін сақтаудың, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы туралы түсіндірме жүргізді.

Айта кетейік, облыста жасөспірімдер қылмысының алдын алуға, жасөспірімдердің түнгі уақытта үйден тыс жерде болуына және басқа да құқық бұзушылықтарға жол бермеуге бағытталған “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Өз кезегінде полицейлер азаматтарды профилактикалық іс-шараларға түсіністікпен қарауға, ал ата-аналарды кәмелетке толмаған балаларының мінез-құлқын бақылауға және оларды назардан тыс қалдырмауға шақырады.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ